Президент Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөз алып, елдің денсаулығын саудаға салғандардың әрекетін қатаң сынға алды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президенттің айтуынша, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде (МӘМС) қордаланған жемқорлық пен заңсыздықтың ауқымы ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірер деңгейге жеткен.
Мемлекет басшысы миллиардтаған қаржының «қағаз жүзінде» ғана халыққа жұмсалып, іс жүзінде біреулердің қалтасына кеткенін баса айтты.
«Ел экономикасы үшін жұрт болып жұмылып жатқанда, әлеуметтік саланың қазынасындағы қаражатты тонап, құжаттарды қолдан жасағандар шықты. 2024-2025 жылдары медицинаға 7,8 триллион теңге (15,5 миллиард доллар) бөлінді. Ал сол қаржының басым бөлігі азаматтардың денсаулығын жақсартудың орнына, әлдекімдердің жеке мүддесіне қызмет еткен», – деді Президент.
Тоқаев осы былыққа жол бергендердің ешқайсысына аяушылық болмауы керектігін ескертті.
Ол құқық қорғау органдарына жемқорлық схемаларынан пайда тапқандардың барлығын тез арада анықтап, заңмен жазалауды тапсырды.
Президент сонымен бірге үкіметтің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігіне беруге қатысты ұсынысын да қолдап отыр. Оның пікірінше, мұндай масқараның орын алуы мемлекеттік мүддеге салғырт қараудың көрінісі.
«Халықтың денсаулығымен ойнауға ешкімнің қақысы жоқ. Бұл ма, бұл тек жемқорлық емес, мемлекетке қарсы жасалған сатқындық. Мұндайға енді жол берілмейді», – деп қорытындылады Тоқаев.
Контекст
Айта кетелік, бұған дейін премьер Бектенов те дәл осындай сарында сөйлеген болатын. Соған қарағанда жақын күндері аталған салада атышулы тұтқындаулар болатын тәрізді.
Қордың қаржылық ағынына бақылаудың әлсіздігін депутаттар да сынға алған. Мәжілісмен Бақытжан Базарбек қорды «өз қолымызбен жасаған монстырға» теңеген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

