Қазақстан 2026 жылы әуе жолдарының аясын кеңейтіп, әлемдік бағыттарды бағындыруға дайындалып отыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкімет отырысында сөз сөйлеген Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев алдағы жылы Қазақстаннан әлемнің ірі шаһарларына қатынайтын жаңа әуе рейстері ашылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, қазіргі рейстердің жиілігі артпақ.
«2026 жылы Вена, Токио, Рим, Әбу-Даби, Эр-Рияд, Даммам, Ларнака, Амман, Шанхай, Қашқар, Варшава секілді ірі қалаларға жаңа бағыттар ашылып, қолданыстағы рейстер саны көбейеді. Осылайша, елдің халықаралық әуе қатынасындағы транзиттік әлеуетін барынша кеңейтеміз», – деді министр.
Министрдің айтуынша, қазір Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктеріне әлемдік әуе алпауыттарының да қызығушылығы зор. FedEx, UPS (АҚШ), DHL, Lufthansa Cargo (Германия), Cargolux (Люксембург) секілді алыптармен келіссөздер қарқынды жүріп жатыр.
«Жүк тасымалы бойынша да Қазақстан аймақтағы көшбасшыға айналды. Былтыр әуе тасымалында өңделген жүктің көлемі 173 мың тоннаға жетіп, рекордтық көрсеткішті бағындырдық. Бұл көрсеткішті әрі қарай арттыру міндеті тұр», – деді Сауранбаев.
Бектенов не дейді?
Үкімет басшысы көлік саласына жауапты министрлік пен «Самұрық-Қазына» қорына халықаралық рейстер мен ұлттық жүк тасымалдаушы компанияның қызметіне қатысты нақты ұсыныс әзірлеуге бір апта уақыт берді.
Министрдің айтуынша, келер жылы елдің теміржол инфрақұрылымында да ірі жобалар аяқталады.
Атап айтқанда, Қызылжар – Мойынты және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілері іске қосылып, Алтынкөл – Жетіген мен Жезқазған – Сексеуіл учаскелерін жаңғырту жұмысы мәресіне жетеді. Вокзалдарды заманауи қалыпқа келтіру бағдарламасы да жалғасады.
Автожолдар бойынша да ауқымды жоспарлар бар.
2026 жылдың соңына қарай Қызылорда – Жезқазған күре жолы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Қызылорда – Ақтөбе бағытында төрт жолақты үлкен магистральдің құрылысы басталады. Жылдың екінші жартысында Қарағанды – Жезқазған тасжолының және Сарыағаш қаласының айналма жолының құрылысын бастау көзделген.
Министрдің сөзіне қарағанда, мұның бәрі елдің транзиттік әлеуетін арттырып, экономикалық өсуге қуатты серпін береді.
Сауранбаевтың оптимистік мәлімдемесі Тоқаевтың түнеукүнгі сөзімен сәйкес келмей тұр. Президент елдегі жүк авиациясының қазіргі ахуалына көңілі толмайтынын жеткізіп, саланы дамытудағы нақты кедергілерді атаған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

