Қарағандыда олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімхановтың арасында жанжал шықты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оқиға 21 қаңтар күні облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің аумағында болған.
Алдымен басшы мен орынбасар сөзге келіп, кейін шиеленіс күшейіп, соңы қан-жоса төбелеске ұласқан. Жанжал кезінде Сәпиев жарақат алған. Олимпиада чемпионының кәстүмі мен көйлегі жыртылған.
Оқиға бойынша қазір қылмыстық іс қозғалды.
Аймақтық полиция департаментінің мәліметінше 42 жастағы қала тұрғынының (Сәпиевтің, ред) шағымы бойынша тергеу басталған. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Қосымша ақпарат тергеу құпиясына байланысты жарияланбайды.
Дегенмен кейбір дереккөздер жанжалдың қағаз-құжатқа байланысты туындағанын жарыса жазуда. Есімханов кейбір құжатқа Сәпиевтің рұқсатын күтпей қол қойған көрінеді.
Спорт журналисі Бек Төлеуовтің айтуынша, «Сәпиевтің көйлегін шешіп, костюмін жыртып, көшеде көк ала торғайдай сабап кеткен».
«Қарағандыда бандиттердің дәуірі жүріп тұр», — дейді әріптесіміз.
Екі кейіпкер туралы аз-кем ақпар
Серік Сәпиев 2012 жылғы олимпиада чемпионы, бокстан екі дүркін әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Қазір ол Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарады.
Орынбасары Дәурен Есімханов та тегін адам емес. Самбо мен жауынгерлік самбодан Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері, джиу-джитсудан әлем чемпионы. Сондай-ақ, ол World Games жарысында күміс медаль алған танымал спортшы.
Айта кетейік, Сәпиевтің мұндай оғаш оқиғаға ілігуі алғаш рет емес.
2023 жылы Batyrball ойыны кезінде де спортшының қарсыласы Зелимхан Мусихановпен арада қақтығыс туындап, ойын алаңында от шыққан. Әріптестері спортшыларды әрең ажыратқан еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

