Кеңес Рақышев қазақ боксына қыруар қаржы құйғанын мәлімдеп, осы спорт түріндегі соңғы жетістіктерге өзінің де үлес қосқанын мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазақстан бокс федерациясының экс-президенті, кәсіпкер Кеңес Рақышевтың айтуынша, бокс қазақтың болмысымен біте қайнасқан спорт. Елдің осы спорт түріне деген ерекше махаббаты таңсәріде Геннадий Головкиннің жекпе-жегін күткен сәттен-ақ көрінеді.
«Бұл халықтың намысын қайрап, бір мақсат жолында бірге қуанып, бірге мұңайуға үйреткен ерекше құбылыс», – дейді ол.
Рақышев 2019 жылы федерация басшылығына келгеннен кейін, жауапкершіліктің зор болғанын, соған қарамай маңызды міндетті қуана қабылдағанын жеткізді.
«Бес жылға жуық қызметімізде бірталай бастамаларды іске асырдық. Соның ішінде боксшыларды ғана емес, чемпиондардың аналарына да «Алтын Ана» атағын табыстадық. Халқымыз «алып анадан туады» деп бекер айтпаған. Әрбір спортшының жеңісінде анасының тілеуі мен қабыл болған дұғасы тұрады деп есептеймін», – дейді кәсіпкер.
Айтуынша, жас боксшыларға сыйақы тағайындау жүйесі де алғаш рет сол кезде енгізілген. Осы жүйенің жемісі ретінде бүгінгі әлем чемпиондарын мақтанышпен атап өтті.
Кеңес Рақышев архивіндегі бейнежазбаға сүйене отырып, Ташкентте өткен әлем чемпионатының ерекше есте қалғанын айтады. «Төрт бірдей алтын медаль жеңіп алған кезіміз мен үшін федерациядағы ең жарқын сәттің бірі. Халықтың ыстық ықыласы мен қолдауын ешқашан ұмытпаймын», – дейді ол.
Тасмағамбетовтың күйеубаласы бокстан ақша аямағанын айтып отыр. Федерацияны басқарған уақытта бокс беделін көтеру үшін өз қалтасынан ақша шығарған кезі аз болмапты.
«Федерацияны басқарған бес жыл ішінде бокстың дамуына өз қалтамнан тұп-тура 7 миллион доллар жұмсадым, ең бастысы шығын толық ақталды», — дейді Рақышев.
Бокс демекші, кеше әйгілі былғары қолғап шебері, қазіргі шенеунік Серік Сәпиевтің жұмысында кішігірім конфуз шығып, жанжалдың видеосы желіге тарап кеткен. Боксшыны болған жайды жуып-шаймақ болып, екіұшты мәлімдеме жасаған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

