Қазақстан мұнай-газ қорын көбейту үшін АҚШ пен Түркияның ірі компанияларымен бірігіп жаңа кен орындарын игермек.
«ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов Анкарада ExxonMobil және Turkish Petroleum Corporation (TPAO) басшыларымен келіссөз өткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазірдің өзінде түрік компаниясы Каспийдің солтүстігіндегі «Жамбыл» жобасына қызығушылық танытып отыр. «ҚазМұнайГаз» аймақ туралы толық геологиялық деректерді серіктестеріне табыстады. Енді TPAO аталған кеніштің техникалық-экономикалық көрсеткіштерін егжей-тегжейлі сараптап жатыр.
Жамбыл туралы не белгілі?
«Жамбыл» кен орны Қазақстан-Ресей шекарасынан небәрі 20 шақырым жерде, Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан. Тереңдігі – 4-5 метр, жалпы аумағы – 1935 шаршы шақырым. Геологтар аймақтан алты түрлі мұнай-газ құрылымын анықтаған. Оның ішінде Жамбыл және Жетісу құрылымдарының болашағы зор.
Мамандар кен орнының жалпы қоры шамамен 120 млн тоннадан асады деген болжам жасап отыр. Жобаның табысы 30-35 миллиард долларға жетуі мүмкін.
TPAO басшысы Жем Ердеммен кездесуде Асхат Хасенов Қазмұнайгаздың кенішті игеруге кірісуге толығымен дайын екенін мәлімдеді. Тараптар мұнай-газ саласында әріптестікті кеңейтіп, бірлескен жобаларды қаржыландыру мәселесін де талқылады.
Америка да қалыс қалмайды
Америкалық ExxonMobil компаниясы да Қазақстанның жаңа мұнай-газ алаңдарына қызығушылық білдіріп отыр. «ҚазМұнайГаз» оны стратегиялық әріптес ретінде қарастырады. ExxonMobil-дың аға вице-президенті Питер Ларденмен кездескен Асхат Хасенов болашақтағы барлау жұмыстары мен қазақстандық мұнай экспортының жаңа бағыттарын сөз етті.
Сонымен қатар, тараптар «ҚазМұнайГаз» кәсіпорындарына саланың ең озық технологияларын енгізуге келісті.
Түркия және АҚШ компаниясымен жасалған келісімдер Астанаға мұнай-газ ресурсын жаңартып, шикізат экспортының ауқымын кеңейтуге жол ашады.
Ал премьер Бектенов бұдан да маңызды қадамға бармақ. Үкімет Ресей мен Беларүстен келетін автокөліктердің жолына кедергі қоюға бекініпті. Енді осы елдерден келген темір тұлпардың утиль алымы бірден 40 есе өсуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

