Шанхайдың Минхан ауданындағы Цисин көшесінде тұрғындардың үрейін ұшырған оқиға болды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
12 ақпан күні күндіз жолдың қақ ортасынан жер ойылып, санаулы секунд ішінде асфальттың үлкен бөлігін жұтып жіберген. Қорқынышты апат метро салынып жатқан «Цзясян» желісінің құрылыс алаңында орын алған.
Бір күн бұрын дәл сол жерде жерасты суының қауіпті деңгейде ағып жатқаны анықталып, мамандар дабыл қаққан екен.
Оқиғаның күші соншалық маңайдағы тұрғындар жерасты дүмпулерін анық сезген. Әлеуметтік желіде жылдам тараған бейнежазбалардан жердің опырыла бастағаны, асфальттың қақ айырылып жатқанын анық байқауға болады. Тіпті бірнеше көлік жүргізушілері дер кезінде байқап, жолдың жиегіне қарай қашып үлгерген.
Шанхай билігі төтенше оқиғадан ешкімнің зардап шекпегенін мәлімдеді. Құрылыс алаңындағы жұмысшылар да уақытылы эвакуацияланған. Қазір апаттың нақты себептері жан-жақты тексеріліп жатыр.
Сарапшылар Шанхайдың кей ауданындағы топырақ тым жұмсақ болғасын, қаладағы ірі құрылыс пен метро желілерінің салмағына шыдамай, күрт шөгіп жатқанын айтып дабыл қағуда. Жерасты құрылысының жүктемесі мен ылғалды топырақ қосылған кезде тереңде өте үлкен бос кеңістіктер пайда болады екен. Оның салдары осындай жағдайға алып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

