Алматыда Кремль агрессиясына ашық қарсылық білдіріп, Қазақстанда орыс шіркеуінен бөлінуді жақтаған дін қызметкері ұсталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қалалық полиция департаменті күдіктіге қатысты есірткі притонын ұйымдастырды деген айып тағып, қылмыстық іс қозғады.
Тергеу мәліметінше, 1986 жылы туған азаматтың баспанасынан «ұнтақ тәріздес заттар» табылған. Сараптама күдіктінің есірткі қолданғанын растапты. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр. Бұдан бөлек, полиция іске қатысы болуы мүмкін өзге тұлғаларды да іздестіруде.
Әзірде ғана әлемжеліде бұрынғы священник Иаков Воронцовтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған-ды. Иаков Қазақстанның Мәскеу православ шіркеуінен бөлініп шығуын талап еткен мәлімдемесімен танымал.
Иаков туралы не белгілі?
Кремль басқыншылығын айыптаған Иаков Қазақстандағы православ шіркеуін Мәскеумен байланысты үзіп, автокефалияға ұмтылуға үндеуген. Оның бастамасымен ұйымдастырылған «соғысты тоқтату» петициясына орыс православ шіркеуінің 300-ге жуық қызметкері қол қойған еді.
«Соғысты қолдайтын бас шіркеуді денацифицикация және демилитаризациялау қажет. Еуразиялық одақ? Бұл ұйымнан да үзілді-кесілді бас тартатын уақыт келді», — деген еді ол.
Бұдан бөлек иеромонахтың құдайға табыну мінәжатын мемтілде өткізгені қазақтілді қауымға ұнап қалған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

