Физикалық белсенділік баланың дені сау, мықты әрі жан-жақты дамуының маңызды факторы болып табылады. Осыған орай балалардың қозғалыс белсенділігін ынталандыру бойынша маңызды кеңестерді, Ertenmedia.kz ұсынады.
Мамандардың айтуынша, балаға кішкентайынан бастап белсенді қозғалыс әдетін қалыптастыру қажет. Ең бастысы жаттығулар мен ойындар баланың өзіне қызықты болуы керек. Себебі, бала ойыннан ләззат алса, оны қайта-қайта қайталауға талпынады. Осылайша физикалық белсенділік өз-өзіне сенімділігін арттырып, қозғалыс қабілетін дамытады.
Нәрестелерге арналған физикалық белсенділік
Жасы бір жасқа дейінгі сәбилердің күніне кемінде 30 минут уақытын ересектердің бақылауымен еденде (еденге төселген жайлы төсеніште) ойын ойнап өткізуі керек. Бұл кезде сәби шалқасынан жатып қана қоймай, ішіне жатып, басын көтеруге тырысуы тиіс. Мұндай әрекет оның мойын, арқа және қол бұлшықеттерін нығайтып, жылдам жетілуіне ықпал етеді.
Сонымен қатар, баланың қозғалуы шектеулі күйде (арбада, бесікте, орындықта) бір сағаттан артық отырмауы керек екенін ескерген жөн.
Бала жүрмей тұрған кезде
Жөргекте жатқан балаңыз үшін қауіпсіз, таза әрі ыңғайлы орта жасаңыз. Үлкен әрі жұмсақ төсенішті еденге жайып, оның аунап, домалап, еңбектеп үйренуіне мүмкіндік беріңіз. Баланың айналасына оның қызығушылығын оятатын түрлі түсті, дыбыс шығаратын, жұмсақ ойыншықтар мен заттар қойыңыз. Бұл сәбидің ойын қызықтырып, оның белсенді қозғалысын күшейтеді.
Сондай-ақ, сәбиіңізбен «алақан соғу», «ку-ку» сияқты ойындар ойнап, оны қолын созуға, дыбыс шыққан жаққа бұрылып қарауға ынталандырыңыз.
Алғашқы қадамдарын жасай бастағанда
Балаңыз енді жүре бастағанда, оның көбірек қозғалуына, үй ішінде еркін жүруіне мүмкіндік беріңіз. Баспалдақпен көтерілу, кішкентай кедергілерден өту секілді әрекеттерді сіздің көмегіңізбен орындағаны дұрыс. Онымен бірге би билеп, секіріп, жүгіріп ойнаңыз және әрбір қадамын мақтап-мадақтаңыз. Бұл баланың көңіл-күйін көтеріп, оның физикалық белсенділікке деген қызығушылығын арттырады.
1 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға арналған физикалық белсенділік
Мектеп жасына дейінгі балаларға көбірек еркін кеңістік қажет. Олар үйде немесе аулада емін-еркін жүгіріп, секіріп ойнай алатындай болуы керек. Мұндай ойындар балаларға тек қуаныш сыйлап қана қоймай, денсаулығын нығайтады.
Мамандар ұсынған бірнеше пайдалы идея:
Үлкен әрі жұмсақ доптармен ойнауға үйретіңіз. Балаңыздың допты ұстап, лақтырып, аяқпен тебуге деген қызығушылығын арттырыңыз. Доппен ойнау қауіпті болса, оны оралған шұлықтармен алмастыруға болады.
Әртүрлі қозғалыстарды қамтитын ойындар ұйымдастырыңыз: қуаласпақ, сызық бойымен жүру, ойша «шалшықтан секіру».
Түрлі музыкаларды қосып, ән айтып, балаңызбен бірге би билеңіз.
«Жануарды тап» ойынын ойнатыңыз: маймылдай секіріп, қояндай жүгіріп, құстай қанат қағып қозғалыңыз.
Түрлі ойыншық арбаларды, қуыршақтарға арналған арба, ойыншық көгалшапқыштар алып беріңіз. Балаңыз дайын болғанда, үш дөңгелекті велосипедпен немесе самокатпен жүріп үйренуге көмектесіңіз. Бірақ бұл әрекетті міндетті түрде өз бақылауыңызда ұстаңыз.
Мұндай физикалық белсенділік баланың жан-жақты дамуына септігін тигізіп қана қоймай, оның ақыл-ой, психикалық тұрғыдан да сау әрі мықты болып өсуіне жағдай жасайды. Әр ата-ана осы ұсыныстарды назарда ұстап, балаларының денсаулығына немқұрайлы қарамағаны абзал.
Кәсіпкер, саясаткер Болат Әбілов 1999 жылы серіктесімен «Рамстор» сауда-ойын-сауық орталығын ашқанда Алматыда жыл бойы жұмыс істейтін жабық мұз айдыны мүлде болмағанын айтты. Сол кезде бұл қала үшін аса қажет әрі сирек кездесетін нысан болыпты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

