Нью-Йоркте өткен Sotheby’s бәссаудасында атақты нидерландтық суретші Винсент Ван Гогтың «Гүлдеген талшын ағаштары» (Châtaigniers en fleurs) атты полотносы рекордтық 190,4 миллион долларға сатылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Аукцион басталған бойда небәрі үш минутқа созылған тартысты бәсеке нәтижесінде туынды суретшінің осыған дейінгі рекордын басып озды. 2022 жылы Ван Гогтың «Кипаристер өскен бақ» кенебі 117,2 миллион долларға өткен болатын. Тарихи бағаға жеткен жаңа картинаны Нью-Йорктегі әйгілі Acquavella Galleries галереясының жетекшісі, арт-дилер Уильям Аквавелла сатып алды.
Жарты ғасыр бойы жұрттан таса қалған мұра
Ван Гог аталған пейзажды өмірінің соңғы айларында, 1890 жылдың көктемінде Францияның Овер-сюр-Уаз ауылында салған. Суретші психикалық сауықтыру орнынан шыққаннан кейін дүниеге келген бұл жұмыс жарты ғасыр бойы көпшілік назарына ұсынылмай келді.
Картина 1975 жылдан бері аргентиналық кәсіпкер Карлос Педро Блакье мен оның жұбайы Нелли Арриета де Блакьенің жеке қорында сақталып келген. Әулет өкілдері өз жинағындағы жәдігерлерді музейлерге көрмеге бермегендіктен, сатылымға шығарылған туындылар өнер сүйер қауым арасында ерекше қызығушылық туғызды.
Sotheby’s еуропалық бөлімшесінің төрайымы Хелена Ньюман аталған жинақтың маңызы туралы пікір білдірді.
«Бұл — жеке тұлғалардың қолында қалған импрессионизм мен постимпрессионизм дәуірінің ең ұлы топтамаларының бірі. Шын мәнінде оны шағын Орсе музейі деп атауға болады», – деді ол.
Кеш барысында Блакье әулетінің топтамасынан шығарылған 12 картина жалпы сомасы 412 миллион долларға жуық қаржыға сатылды. Соның ішінде Поль Сезанның «Арлекин» полотносы 111 миллион доллардан астам қаржыға иесін тапты.
Нацистік дәуірдің жаңғырығы және құпия келісім
Айтулы аукцион қарсаңында күрделі дау туындап, сауданың өтпей қалу қаупі туған еді. 1930 жылдары Берлинде өмір сүрген белгілі еврей баспагері Самуэль Фишердің мұрагерлері картинаның сатылуына тосқауыл қоюға тырысты. Олар отбасы нацистік биліктің қуғын-сүргіні салдарынан қаржылық тығырыққа тіреліп, 1936 жылы туындыны мәжбүрлі түрде арзанға сатқанын мәлімдеді. Фишер негізін қалаған баспа кезінде Томас Манн мен Герман Гессе сияқты жазушылардың еңбектерін шығарғаны үшін жазаланған болатын.
Аукцион үйі бұған дейінгі зерттеулерге сүйеніп, туынды қысымсыз сатылған деп мәлімдеген еді. Дегенмен сауда басталуға бірнеше сағат қалғанда Блакье отбасы мен Фишердің ұрпақтары өзара бітімге келіп, мәселені сотқа жеткізбей реттеді. Келісімнің қаржылық шарттары жарияланған жоқ.
Халықаралық Art Recovery International ұйымының жетекшісі, заңгер Кристофер Маринелло нацистік кезеңде мәжбүрлі жасалған мәмілелердің құқықтық ерекшелігін атап көрсетті.
«Тікелей тартып алынған мүліктерге қарағанда, сол заманда қаржылық қысыммен мәжбүрлі сатылған өнер туындыларын нақты дәлелдеу анағұрлым қиын. Бірақ олардың тарихи және заңдық салмағы дәл сондай маңызға ие», – деп атап өтті заңгер.
Тараптардың ортақ мәмілеге келуі арқасында бәссауда сәтті өтіп, бұл күн әлемдік өнер нарығындағы ең ірі тарихи рекордтардың бірі ретінде жазылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







