Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубы бұдан былай жеке инвесторға өтеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Клубты жекешелендіру туралы меморандумға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Integra Construction KZ» компаниясының басшылығы қол қойды.
Құжаттың басты мақсаты жеке инвестиция тартып, клубты нарық талабына сай басқару. Инвестор команда инфрақұрылымын жаңартып, жаттығу базасын дамытуды, клубты цифрландыруды және бастысы коммерциялық тиімділігін арттыруды көздейді.
Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, «Ордабасының» жеке қолға өтуі Шымкенттің футбол орталығы ретіндегі беделін көтеріп, клубтың ішкі және халықаралық жарыстағы бәсекеге қабілетін арттырады.
Сөй деген әкім осы тұста ең басты мәселені меңзеп өтті.
«Өз жағымыздан клуб үшін біраз нәрсе жасадық. Оқу-жаттығу базасын аштық, жаңа жаттығу алаңын салдық, жас ойыншыларды даярлау жүйесін қалыптастырдық. «Ордабасының» позициясын көтеру үшін мықты инвестор керек болды. Осы келісімнің нәтижесінде қалалық бюджетке түсетін жүктеме азаяды», — деді қала басшысы.
Мүтәліп туралы не белгілі?
Клубтың су жаңа иесі Шахмұрат Мүтәліп те қала халқының сенімінен шығамын деп отыр.
«Ордабасы» тарихы бай, жанкүйері мол клуб. Алдағы мақсат команданы тұрақты дамыту, инфрақұрылымға көңіл бөлу, жастарды тәрбиелеу және кәсіби деңгейі жоғары ұжым қалыптастыру», – деді ол.
«Integra Construction KZ» компаниясының қожайыны еліміздегі аса ауқатты кәсіпкердің бірі. Forbes дерегінше компания 2025 жылы 35 млрд теңге таза табыс тапқан. Мемтапсырыс саласында өте-мөте белсенді. ҚТЖ-мен тығыз жұмыс істейді. Айтпақшы, Мүтәліп былтыр ERG-дың 40 пайыз үлесін сатып алған.
Дегенмен, ол Қазақстандағы футбол клубтарын сатып алып жатқан жалғыз бизнесмен емес. Бұған дейін қарағандылық «Шахтер» миллиардер Тимур Тұрловтың, ал «Ақтөбе» Qazaq Stroy-дың иесі Нұрлан Артықбаевтың иелігіне өткен еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

