Қазақстанда телефон алаяқтығының жаңа түрі пайда болды. Алаяқтар енді банкке тікелей хабарласа бастады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұлттық банктің мәліметінше, алаяқтар азаматтардың жеке дерегін фишинг сайттарынан, әлемжеліден, маркетплейс пен түрлі қоғамдық сауалнамалардан алып, өз мақсатына пайдалануда.
Алаяқтықтың негізгі тәсілі мынадай
Қылмыскерлер банкке клиенттің атынан хабарласып, «картамды жоғалтып алдым» деген жалған ақпарат береді. Нәтижесінде карта дереу бұғатталады. Артынша алаяқтар картаның иесіне қоңырау шалып, өзін банктің қауіпсіздік қызметі немесе құқық қорғау органы қызметкері ретінде таныстырады. Олар «картаны бұғаттан шығару» немесе «ақшаны қауіпсіз шотқа аудару» деген сылтаумен SMS-код, интернет-банкинг парольдерін және CVV/CVC кодтарын сұрайды.
Осы тұста…
Ұлттық банк карта бұғатталған жағдайда тек ресми банк нөміріне немесе картаның артқы бетінде көрсетілген байланыс телефонына хабарласуға кеңес беріп отыр. Сондай-ақ банктің қызметкерлері клиенттен ешқашан SMS-код, құпия сөз сұрамайтынын және қашықтан басқаруға арналған қосымшаларды орнатуды талап етпейтінін ескертеді.
Сонымен бірге алаяқтар банкомат маңында жүріп, азаматтардан «картам бұғатталды» немесе «ақша аударуға көмектесіңіз» деп көмек сұрауы мүмкін. Мұндай әрекет дропперлік болып саналады және заңмен қудаланады.
Ұлттық банк азаматтарға карталардың деректерін ешкімге бермеуге және құпия ақпаратын бөліспеуге шақырады. Кеңес алу үшін ҚР Ұлттық банкінің байланыс орталығына 1477 қысқа нөмірі арқылы хабарласуға болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

