Теңіз кен орнындағы мұнай өндіру жұмысының уақытша тоқтауы ел экономикасының шикізат секторына қаншалықты тәуелді әрі осал екенін тағы бір рет дәлелдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Белгілі қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтің пікірінше, бір ғана ірі кен орнындағы технологиялық ақаулардың өзі елдің макроэкономикалық жағдайына айтарлықтай ықпал етеді.
«Егер бір ғана кен орны бүкіл республикадағы мұнай өндіру көлемінің шамамен 30%-ын қамтамасыз етсе, ондағы қысқа мерзімді кідірістің өзі бірден макроэкономикалық факторға айналады. Шикізаттық экономиканың қаншалықты нәзік екенін осыдан көруге болады», – дейді Рысмамбетов.
Сарапшы экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін өндірісті әртараптандырудың маңызы зор екенін айтты. Оның ойынша, мемлекет бұл үдерісте кәсіпкерлерге қолдау көрсеткені дұрыс, бірақ бизнестің өз бастамасын толық алмастыра алмайды.
«Мемлекеттік инфрақұрылым мен субсидия тек қосымша серпін береді. Негізгі жобалар кәсіпкерлердің жеке бастамасымен құрылуы тиіс. Бизнестің өз еркі мен жеке тәуекелі болмаса, экономикалық даму мүмкін емес», – деп есептейді сарапшы.
Алда қиын кезең күтіп тұр…
Расул Рысмамбетов қазіргі кезде экономиканың қарқынды әрі жылдам өсуін күту дұрыс емес екенін де ескертті. Елдің дамуында күрделі кезең басталды, ендігі қадамдар бұрынғыдан әлдеқайда қиын болады.
«Үлкен жеңістер мен екі таңбалы өсім көрсеткіштерін ұмыта тұрған жөн. Алда қиын кезең күтіп тұр. Әрбір қадам зор күш-жігер мен тың идеяларды қажет етеді», – деп атап өтті қаржы кеңесшісі.
Рысмамбетов қазіргі Қазақстан экономикасының басты кемшілігі ретінде мұнай-газ секторының басымдылығын және өңдеуші өнеркәсіптің үлесі аз екендігін атады. Ол ұзақ мерзімді тұрақты дамуға жету үшін жеке инвестиция тарту арқылы экономиканы күрделендіру қажеттігіне назар аударды.
«Экономиканы тек мұнайдан түскен табысты тұтынып, қайта сатумен ғана ұстап тұру мүмкін емес. Елдің экономикалық өрлеуі нақты жобалар мен бизнестің жеке күш-жігеріне байланысты болуы керек», – дейді сарапшы.
Айта кетелік, бұған дейін танымал экономист Алмас Шөкин дәл осы сарында сөйлеп, елді қиын кезең күтіп тұрғанын меңзеген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

