Саясаткер Абзал Достияр өңір әкімдерінің халықпен қарым-қатынасы мен саяси коммуникация мәселесіне пікір білдірді. Ол бұл тұрғыда орталық биліктің өңір басшыларынан үйренері көп деп есептейді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Саясаткердің айтуынша, әкімдер арасында рейтинг жасалып жатады, алайда өз басы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың жұмысын жоғары бағалайды.
«Иә, Нәлібаев төңірегінде түрлі әңгіме жиі айтылады. Оның өңірдегі ықпалды топтармен байланысы мен ресурстарды иемденуі туралы сын-пікір бар.
Қаңтар оқиғасынан кейін елде шынайы трансформация жүріп, элитаның активтері мемлекетке қайтарылғанда, Нәлібаев әулетінің капиталы да сол қатарда болар ма еді деген сұрақ өз алдына бөлек тақырып.
Дегенмен мен оның саяси менеджменті мен халықпен коммуникациясын айтып отырмын. Сыр бойындағы жұрттың оған деген ықыласы ерекше екені байқалады. Бұл аймақтағы биліктің легитимділігін көрсетеді», – дейді Абзал Достияр.
Ал Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай туралы саясаткер бұрын көп білмегенімен, оның халықты таң атқанша қабылдап, кері байланыс орнатуға тырысқан әрекетін оң бағалады.
«Қилыбайдың әрекеті хайп па, имидждік саясат па маңызды емес. Маңыздысы оның әрекет етуі. Әрекет басқарудың басты талабы», – деп атап өтті ол.
Саясаткер осы тәжірибені орталық билік, әсіресе Ақорда неге қолданбайтынын сұрады.
«Неге азаматтық қоғам институттарымен ашық әрі жүйелі диалог алаңы құрылмайды? Қоғамдық келісім іздеудің орнына, неге халықты қорқытып, үркіту риторикасы басым? Елдегі жағдай расында күрделі, геосаяси тәуекел жоғары болса, халықтың қолдауын саяси мобилизация арқылы емес, сенім арқылы сұрау керек. Сенім қысыммен емес, ашықтық арқылы орнайды», – дейді Абзал Достияр.
Әсіресе, тарихи тұрғыда протестік потенциалы жоғары Алматы қаласындағы азаматтық қоғаммен тығыз байланыс орнату керек деп санайды саясаткер. Оның пікірінше, билік grassroots деңгейіндегі (халықтың өз ішінен шыққан) белсенділердің, сарапшылар мен тәуелсіз пікір иелерінің ойын ескеруі тиіс.
Айта кетелік, бұған дейін премьер Бектенов тапсырманы дұрыс орындамаған үш әкімді дәптеріне түртіп алған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

