Алматыда курьерлерге қойылатын талап күшейеді. Тұрғындар шағымынан кейін, полиция жеткізу қызметіне жаңа ереже енгізуді көздеп отыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қалалық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдинов курьерлерді барлық жұмыс кезеңдерінде биометриялық тексерістен өткізу керектігін айтты. Сондай-ақ, ол шетелдік жұмыс күшін тартуға тыйым салуды және аккаунттарды өзге адамға беруге жол бермеуді талап етті.
«Әрбір курьер тұрғын үйлерге еркін кіріп-шығады, жеке мәліметтерге және адамдардың үйде болу-болмауы туралы ақпаратқа қол жеткізеді. Сондықтан біз биометриялық идентификация жүйесін енгізуді, аккаунттарды өзге адамдарға беруге тыйым салуды, шетел азаматтарын жұмысқа алмауды және жол ережесінің сақталуын қатаң бақылауды талап етеміз», – деді полиция басшысы.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, мәселе тек көлік қозғалысын бақылауда емес, курьерлер қолындағы ақпарат қауіпсіздігіне де қатысты.
Осыған байланысты ірі агрегаторлар өкілдерімен, прокуратура қызметкерлерімен және қоғамдық ұйымдармен бірлескен жиында компаниялардың ішкі ережелерін заңға сай бейімдеу, асығыстық пен ереже бұзу жағдайларын азайту, сондай-ақ қызметкерлердің заңды түрде жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттігі талқыланды.
Айта кетелік, бұған дейін Алматыда гүл әкелген курьердің оғаш әрекеті жұрттың ашуын туғызған. Кешқұрым тапсырыспен әкелінген ауыр себетті пәтеріне дейін көтерісіп кіргізген бейтаныс адам қызды аяқ астынан қорқынышты жағдайға душар еткен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







