Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Гибридті форматта ұйымдастырылған жиынға барлық өңірлерден салалық ведомстволар өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер басшылары қатысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Отырыстың негізгі талқысына мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастырудағы міндетті квоталардың орындалуы мәселесі арқау болды. Қазіргі Әлеуметтік кодекс бойынша елу адамнан астам жұмыскері бар кәсіпорындар үшін квота мөлшері 2%-дан 4%-ға дейін белгіленген. Алайда өткен жылдың қорытындысы аталған механизмнің тиімсіздігін көрсетті.
2025 жылы квота аясында жоспарланған жұмыс орындарының жартысынан аз көрсеткішке ғана – 8,1 мың адамға қол жеткізілген. Биыл квота 3 мыңға жуық ұйымды қамтып, 13,9 мың жұмыс орнын құрайды деп күтілуде. Еңбек министрлігі кәсіпорындар тізімін жасақтауды толығымен автоматтандырып, формалды тәсілден арылуды жоспарлап отыр.
Қатысушылар субсидияланатын жұмыс орындарын құру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді ұсынды. Енді коммерциялық кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлік субъектілері мемлекеттік субсидия есебінен жұмыс орындарын екі жылда бір реттен жиі емес ұйымдастыра алады. Бұл шешім бизнестің мемлекеттік субсидияны тұрақты қаржыландыру көзіне айналдыруына жол бермейді.
Алайда бұл шектеулер үкіметтік емес және мемлекеттік ұйымдарға қолданылмайды. Сондай-ақ министрлік елді мекендердің мәртебесіне қарай жұмысқа тарту лимиттерін икемді етті. Мәселен, республикалық маңызы бар қалалар мен елордадағы қоғамдық жұмыстарға – 10 адамға дейін, ал өңірлер мен ауылдық жерлерде – 5 адамға дейін тартуға рұқсат берілген.
Әсіресе ауылдардағы лимиттер халық санына қосымша байланыстырылып, ресурстарды әділетті бөлу қарастырылған. Егер жұмыс берушілер тартқан адамдардың жартысы әлеуметтік тұрғыда осал азаматтардан – мүгедектігі бар адамдардан, ерекше балалардың ата-аналарынан немесе көпбалалы аналардан тұрса, онда лимит саны автоматты түрде 50%-ға артады.
Жиын соңында мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған жаңа заң жобасы таныстырылды. Құжат 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасына сай әзірленген. Бұл жоба мемлекеттің әлеуметтік-құқықтық қорғаудың жаңа моделіне түбегейлі көшуін көздейді.
«Қазіргі уақытта біз мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау бағытында 86 тұжырымдамалық өзгерісті қамтитын маңызды заң жобасын әзірледік. Үйлестіру кеңесінің мүшелерін құжатты мұқият зерделеуге және нақты ұсыныстарын беруге шақырамын», – деді Асқарбек Ертаев.
Мамандар жүктіліктің жайлы өтуі және сәбидің дені сау болуы үшін бірқатар қарапайым, бірақ тиімді кеңестер ұсынады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







