Иранның оңтүстігіндегі Хормозган провинциясындағы қыз балаларға арналған бастауыш мектепке жасалған шабуылдан қаза тапқандар саны 185 адамға дейін өсті деп хабарлайды Ertenmedia.kz CNN арнасына сілтеп.
Құтқарушылар үйінділерді ашып, қаза тапқандарды анықтаған сайын құрбандар саны үздіксіз өсуде. Бұған дейін қайтыс болғандар саны алғашында 5, кейін 95, одан кейін 118 адам болған еді.
Қайғылы оқиға Минаб қаласында орналасқан қыз балалардың бастауыш мектебінде тіркелген.
CNN телеарнасының дерегінше, зымыран соққысына ұшыраған мектеп Иран әскери базасынан небәрі 61 метр жерде орналасқан. Телеарна мектептің бұрын әскери базаға қарағанымен, 2016 жылдан бері жеке тұрғанын анықтады.
Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи шабуылдан кейін қираған мектептің суретін жариялап, «АҚШ пен Израиль бейкүнә балалардың қанын төкті, ирандықтарға жасалған бұл қылмыс жауапсыз қалмайды» деп мәлімдеді.
Иран СІМ өкілі Эсмаил Багаи де шабуылды «сорақы қылмыс» деп атап, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесін араласуға шақырды.
Уашиңтон не дейді?
АҚШ орталық қолбасшылығының ресми өкілі Тим Хокинс шабуыл туралы хабардар екендерін және тексеру басталғанын жеткізді. Ол «Азаматтық нысандарды қорғау басты назарда, біз адамдарға кездейсоқ зиян келтіру қаупін барынша азайтуға тырысамыз» деді.
Тегеран көшелеріне мыңдаған адам шығып, АҚШ пен Израильдің шабуылынан қаза тапқан Иранның рухани көшбасшысы Әли Хаменеиді еске алды. Қара түсті киім киген тұрғындар Иран туын ұстап, Хаменеидің суретін көтеріп шықты.
Сонымен қатар Иран диаспорасының кей өкілдері, әсіресе Батыс елдерінде тұратын ирандықтар Хаменеидің қаза болуын қолдап, елде биліктің ауысуын талап етіп жатыр.
PREMIUM TIMES басылымының дерегінше, Хаменеидің қазасынан кейін елдегі билікті уақытша үш адамнан тұратын кеңес басқармақ. Бұл кеңеске Иран президенті Масуд Пезешкиан, сот жүйесінің басшысы Голамхоссейн Мохсени Эджеи және Конституциялық қадағалау кеңесінің бір мүшесі кіреді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







