Ирандағы ахуалдың күрт ушығуына байланысты Қазақстанның Сыртқы істері төтенше байланыс желісін іске қосып, қақтығыс аймағындағы азаматтарымыз туралы ақпарат жинауда деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрлік Ирандағы шиеленіс ортасында қалған қазақстандықтарды эвакуациялауға дайындық жұмыстарын бастап кетті. Өңірдегі барлық шетелдік дипломатиялық мекемелер күшейтілген режимге көшірілген. Дипломаттарымыз өзге елдердің құзырлы органдарымен тығыз байланыста болып, Ирандағы әуежайлар мен транзиттік аймақтарда қалып қойған отандастарымызға консулдық қолдау көрсетуде.
«Қазір дипломатиялық өкілдіктер өңірдегі азаматтарымыздың тізімдерін жаңартып, жедел чаттар ашып қойды», – делінген министрлік мәлімдемесінде.
СІМ нақты қанша қазақстандықтың қақтығыс аймағында екенін анықтауда. Бірақ қазірге дейін олардың санын дөп басып айту мүмкін болмай тұр. Сонымен қатар дипломаттар туристік компаниялармен бірге әуежайларда және күту аймақтарында қалған азаматтарды орналастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Министрлік қазақстандықтарды эвакуациялаудың нақты маршруттары мен тәсілдерін пысықтауда. Әзірге отандастарымыздың зардап шеккені туралы ақпарат түспеген.
Бұған дейін Қазақстан СІМ Ирандағы жағдай тұрақталғанша, азаматтарды Тегеранға барудан бас тартуға шақырып, сол елде жүргендерді тез арада кері оралуға үндеген болатын.
Контекст
Ирандағы соғыс АҚШ пен Израильдің бірлескен шабуылынан басталды. Зымырандар Ирандағы әскери нысандар мен мемлекеттік басшылықтың резиденциясына соққы жасап, елдің рухани көшбасшысы Әли Хаменей қаза тапқан еді. Осы шабуылдан кейін Иран да АҚШ, Израиль және аймақтағы одақтастарының нысандарына жойқын зымыран және дрон соққыларын жасады.
Қазір елдегі ірі қалалар соққы астында қалса, Дубай мен Әбу-Даби секілді халықаралық маңызы бар әуежайлардың жұмысы тоқтап, бүкіл Таяу Шығыстағы жағдай шиеленісіп отыр. Жанжалға «Хезболла» тәрізді ираншыл қарулы топтар да араласуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







