Иранның Жоғарғы ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Лариджани Тегеран Уашиңтонмен келіссөздерді қайта жандандыруға ұмтылуда деген ақпаратты жоққа шығарды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әли Лариджани желідегі парақшасында Иранның Оман арқылы АҚШ-пен келіссөз жүргізуге әрекет жасағаны туралы The Wall Street Journal-дың ақпаратына жауап берді.
«Біз АҚШ-пен ешқандай келіссөз жүргізбейміз», – деп кесіп айтты Лариджани.
Сонымен қатар ол АҚШ президенті Дональд Трамптың Иран туралы мәлімдемелерін де сынға алды.
«Аймақты өз елестерімен бейберекетсіздікке ұшыратқан Трамп қазір америкалық әскерилердің өліміне алаңдап отыр. Өзінің «Америка бірінші» деген ұранын «Израиль бірінші» ұранына алмастырып, Израильдің билікқұмарлығы үшін америкалық сарбаздарды құрбан етті», – деді Лариджани.
Сондай-ақ, ол Трампты «жаңа өтіріктері арқылы америкалық жауынгерлер мен олардың отбасыларының тағдырын саудаға салып отыр» деп айыптады.
Сенбі күні басталған АҚШ пен Израильдің бірлескен әскери операциясы кезінде Иранның рухани көшбасшысы Әли Хаменеи және бірнеше жоғары лауазымды шенеуніктер қаза тапқан болатын.
Жауап ретінде Иран Парсы шығанағындағы бірқатар елдерге дрон және зымыран соққысын жасады. Нәтижесінде үш америкалық әскери қаза тауып, тағы бесеуі ауыр жарақат алды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







