Владимир Зеленский Таяу Шығыстағы шиеленістің АҚШ тарапынан Украинаға қару-жарақ және зымыран жеткізуге кері әсер етпегенін мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Зеленский журналистермен кездесу барысында айтты.
Сөзінше, Patriot кешеніне қажетті сирек кездесетін PAC-3 зымырандарына қатысты еуропалық немесе америкалық серіктестерден қиындық туралы ешқандай хабарлама түспеген.
«Украина үшін қару-жарақ біздің тіршілігіміз. Әзірге ПУРЛ бағдарламасы өз қалпында жұмыс істеп тұр. Мен еуропалық серіктестерімізбен транштарды қамтамасыз ету үшін тығыз жұмыс істеудемін. Қазірше бәрі жоспар бойынша жүзеге асып жатыр», – деді Зеленский.
Президент Германия канцлері Фридрих Мерцпен телефон арқылы сөйлесіп, осы мәселені талқылағанын да атап өтті. Дегенмен Зеленский Таяу Шығыстағы қақтығыс ұзаққа созылса, Украинаға келетін әуе қорғанысы жүйелері мен зымырандардың саны азаюы мүмкін екенін жоққа шығармады.
Сонымен қатар…
Владимир Зеленский АҚШ және Ресеймен өтетін кездесудің орны ретінде Әбу-Дабиді растай алмайтынын жеткізді. Кездесу 5–8 наурыз аралығына жоспарланған, бірақ қазіргі шиеленіс жағдайында кездесудің нақты орны әлі белгісіз.
Зеленский Ресеймен келіссөз кезінде Сумы және Харьков облысының шекаралық аймақтарын Украина бақылайтын Донецк облысының бір бөлігіне айырбастау туралы ешқандай әңгіме қозғалмайтынын нақты айтты.
«Ресей әлгі аумақтарды ұзақ ұстап тұра алмайтынын жақсы біледі. Уақыты келгенде біз оларды өз жерімізден шығарып тастаймыз. Донбасс Ресейдің негізгі мақсаты. Қазір олардың тәбеті біраз төмендеді, бірақ тек уақытша ғана», – деді президент.
Зеленскийдің айтуынша, Мерц Қытайға сапары барысында Украина мәселесін көтерген. «Қытайды соғысты тоқтатуға тарту біз үшін өте маңызды. Бұл олардың қолынан келеді, бірақ әзірге ешқандай нақты қадамдарын көріп отырған жоқпыз», – деп атап өтті президент.
Киев Ирандағы жағдай туралы не ойлайды?
Сондай-ақ Зеленский Ирандағы соғыстың Ресейдің одақтас ретіндегі мүмкіндігінің шектеулі екенін көрсеткенін айтты. «Қазір Кремльдің барлық ресурсы Украина майданына жұмылдырылған. Ирандағы жағдай Путин үшін диктатордың ақыры қалай болатынын көрсететін нақты белгі», – деп қорытты Зеленский.
Еске сала кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери әрекеттер шамамен төрт аптаға созылуы мүмкін деген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







