Адам баласы жер бетінде өмір сүруге бейімделген. Жердің қолайлы температурасы мен гравитациясы – ағзамыз үшін ең қолайлы орта. Ал ғарышта адам денесі мүлдем басқа жағдайға тап болады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әдетте біз ғарыштағы ең үлкен қиындық, оттегі тапшылығы деп ойлаймыз, бірақ шын мәнінде ең ауыр сынақ гравитацияның болмауы. Назарларыңызға ғарыштың адам денесіне тигізетін 4 таңғажайып әсерін ұсынамыз.
Бас ісініп, аяқ жіңішкеріп кетеді
Ғарыштағы салмақсыздық (микрогравитация) сұйықтықтың ағзадағы қозғалысын өзгертеді. Жердегі гравитация сұйықтықты аяққа қарай тартып тұрса, ғарышта керісінше ол басқа қарай жылжиды.
Салдарынан ғарышкерлердің беті мен басы ісініп, аяқтары өте жіңішке болып көрінеді. Мамандардың айтуынша, бастың айналасында 5 литрден артық сұйықтық жиналуы мүмкін. Ғарышкерлер бұл жағдайды «басымыз тымауратып тұрғандай сезіледі» деп сипаттайды.
Халықаралық ғарыш станциясында сұйықтықты дененің төменгі жағына бағыттайтын арнайы манжетті сынақтан өткізіп жатыр. Ол бас пен көз ішіндегі қысымды азайтуға көмектеседі.
Көз пішінінің өзгеруі
Микрогравитация көзге де әсер етеді. Басқа жиналған сұйықтық көздің артқы жағын қысып, көз алмасының пішінін өзгертуі мүмкін.
Бұл нейроокулярлық синдром деп аталады. НАСА мәліметінше, Халықаралық ғарыш станциясындағы ғарышкерлердің 70%-ы осы проблемамен бетпе-бет келген. Олардың көру қабілеті уақытша нашарлап, көзілдірік киюге мәжбүр болған.
Бірақ мамандар Марсқа ұқсас ұзақ миссиялар кезінде бұл әсерлердің қаншалықты болатынын әлі анықтай алған жоқ.
Бұлшық ет пен сүйектің әлсіреуі
Ғарыштағы салмақсыздық сүйектер мен бұлшық еттердің әлсіреуіне әкеледі. Гравитациясыз ортада денеге түсетін күш аз болғандықтан, сүйек тығыздығы айына 1%-дан артық жоғалуы мүмкін. Әсіресе аяқ, арқа және бел бұлшық еттері қатты зардап шегеді.
Мұнымен күресу үшін ғарышкерлер күніне екі сағат жаттығады. Олар арнайы тренажерлар арқылы жаттығу жасап, бұлшық ет пен сүйектерін нығайтады. Осы шаралардың арқасында ғарышкерлер кейде жерге бұрынғыдан да жақсы физикалық формада оралады.
Жүректің кішіреюі және пішінінің өзгеруі
Микрогравитация жағдайында жүрек те өзгеріске ұшырайды. Салмақсыздықта жүрек қанды жоғары қарай тарту үшін күш жұмсамайды. Соның салдарынан жүрек көлемі кішірейіп, пішіні домалақтау болып өзгереді. Жерге оралғаннан кейін ғарышкерлерде қан қысымын сақтауда қиындықтар туындайды.
Халықаралық ғарыш станциясында ғарышкерлер жүрек-қан тамыр жүйесіне арналған зерттеулерге қатысып, өмірлік маңызды көрсеткіштерін бақылайды. Бұл зерттеулер қартайған адамның ағзасындағы өзгерістермен ұқсас болғандықтан, нәтижесі жердегі медицинаға да пайдалы болып отыр.
Қорыта келгенде, ғарыштағы өмір адам ағзасы үшін күрделі сынаққа толы. Осы қиындықтарды еңсеру болашақ ғарыш сапарларына ғана емес, жердегі өмір сапасын арттыруға да көмектеседі.
Көптеген жұлдыздардың ғұмыры алапат жарылыспен аяқталып, олардың қалдықтары түрлі-түсті, пішіні ретсіз бұлт секілді ғарыш кеңістігіне шашырайды. Алайда Pa 30 атауына ие болған ғарыштық нысанның көрінісі мүлде басқаша.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







