Бағдаршам көлік жүргізушілер үшін ең маңызды құралдардың бірі. Әр түсінің өз міндеті барын бәрі біледі. Қызыл – тоқтау, жасыл – жүру, ал сары түс болса, көбі үшін жылдамдықты арттырып, асыға өту дегенді білдіреді. Әрине, бұл дұрыс емес, бірақ дәл сол сары түстің уақыты қашан аяқталатынын ешкім білмейді, сондықтан жүргізушілер көбіне тәуекелге бел буып, жылдамдықты үдетеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Дегенмен көптеген елдерде, әсіресе Еуропа мен Азияның ірі қалаларында, бағдаршамдарда уақытты кері санау таймері орнатылған. Бұл жүргізушілерге түстердің қашан ауысатынын анық білуге мүмкіндік береді. Ал АҚШ-та неге мұндай таймерлер жоқ?
Негізгі себептер қандай?
АҚШ Көлік министрлігі бағдаршамдарға қатысты өте қатаң ережелерді бекіткен. Бұл ережелерді өзгерту немесе жаңа технология енгізу өте күрделі әрі көп уақыт алады. Таймерлердің болмауының басты себебі – жүргізушілердің назарын басқа жаққа аударып, жол-көлік оқиғаларының көбеюіне әкелуі мүмкін деген алаңдаушылық.
Сонымен қатар тағы бір мәселе – қаржылық шығындар. Бір бағдаршамға кері санау модулін орнатудың құны 190 доллардан 1930 долларға дейін жетеді.
АҚШ-та жүздеген мың бағдаршам бар екенін ескерсек, бұл миллиардтаған долларлық шығынды талап етеді. Осы тұста үкімет алдымен нені қолға алуы тиіс деген сауал туындайды: бағдаршамдарды жаңарту ма, әлде автономды көліктерге арнайы жаңа белгілер жасау ма? Бұл – күрделі шешімді қажет ететін сұрақ.
Таймерлер шын мәнінде пайдалы ма?
Қызықты факт: Орегон штатының университеті жүргізген зерттеулер бойынша, кері санау таймерлері жүргізушілердің бағдаршамға тоқтау ықтималдығын 13 пайызға арттырған. Яғни, жүргізушілер бағдаршамдағы уақытты нақты көрген кезде, асығуды азайтып, қауіпсіздік күшейген.
АҚШ Көлік министрлігіне қарасты Федералдық автомобиль жолдары басқармасы да арнайы зерттеу өткізген. Олар көліктерге таймерді арнайы экран арқылы орнатқан. Бұл әдістің нәтижесінде жүргізушілердің жылдамдығы 15 пайызға азайған және олар бағдаршам ауысқанда әлдеқайда жиі баяулаған.
Бұл зерттеулердің қорытындысы таймерлер жол қауіпсіздігін арттыратынын дәлелдеп отыр. Егер мемлекет мұндай технологияны жалпы орнатуға қаржы бөлгісі келмесе, жеке компаниялар автомобильдердің ішіндегі дисплейге таймер орнату арқылы бұл мәселені шешуі әбден мүмкін.
Сонымен, АҚШ-та бағдаршамдарға таймер орнатылуы – әлі де талқыланып жатқан мәселе. Ал әлемдік тәжірибе таймердің жүргізушілер үшін өте пайдалы екенін көрсетіп отыр. Мүмкін, жақын болашақта таймерлер бүкіл әлем бойынша көлік қозғалысының міндетті элементіне айналар. Бірақ әзірше көлік жүргізушілері бағдаршамдағы сары түске «жарысып», жолдағы қауіпсіздікті қатерге тігуді жалғастыруда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







