М. Әуезов атындағы университеттің ректоры Мұхтар Төлеген Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Шымкент қалалық филиалының төрағасы болып сайланды. Жаңа төрағаға мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және қазақ тілін үйрету жұмысын жүйелеу міндеті жүктелді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Қазақ тілі» қоғамының басым бағыттары
«Қазақ тілі» қоғамын 1989 жылы Алматыда қазақ зиялылары құрды. Бүгінде ұйым халықаралық мәртебеге ие. Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен қоғамның X съезінде атқарылған жұмыс қорытындыланып, алдағы міндеттер белгіленді. Шымкенттегі кездесуде қоғам президенті Рауан Кенжеханұлы филиал жұмысының басым бағыттарын атап өтті.
Ол университетте филология факультеті барын, тілші ғалымдар жұмыс істеп, болашақ мамандар білім алып жатқанын айтты. Рауан Кенжеханұлы қазақ тілін дамытуға осы мамандардың әлеуетін жұмылдырып, алдағы жұмысты бірлесіп талқылауды ұсынды. Президент тіл үйретудің жаңа тәсілдері мен цифрлық оқу құралдарын әзірлеуді тапсырған. Мұхтар Төлеген кездесуде айтылған міндеттерді назарға алып, оларды іске асыратынын жеткізді.
Қазақ тілінің қолданыс көрсеткіштері
Ел бойынша биыл бірінші сыныпқа барған балалардың 71 пайызы қазақ тілінде оқуды таңдаған. Былтыр жарық көрген алты мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақша басылған. Биыл түсірілген 71 отандық фильмнің 63-і мемлекеттік тілде шыққан. Соңғы үш жылда Disney, Pixar және Sony студияларының 13 фильмі қазақша дубляжбен жарық көрді.
Кездесуде филиалдың бұрынғы төрағасы Ерсұлтан Әмірбектің еңбегі аталып, оған алғыс хат табысталды. Шымкент әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек М. Әуезов атындағы университет ұжымын ұлттық мәртебе алуымен құттықтады. Ол Ұлттық мәдениет және өнер университетінің ашылуымен қаладағы жоғары оқу орнының саны тоғыздан онға жеткенін айтты.
Рауан Кенжеханұлының айтуынша, қоғамның алдағы міндеті – қазақ тілінің ғылымда, білім беруде және заманауи технология саласында кең қолданылуына жағдай жасау. Шымкенттегі филиал үшін осы жұмыстың бір бағыты – университеттің тілші ғалымдары мен болашақ мамандарын қазақ тілін үйретудің жаңа тәсілдерін әзірлеуге тарту.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







