Қазақстан Сыртқы істері Египетті туристер үшін қауіпті елдер қатарынан алып тастады. Бұған мемлекеттегі жағдайдың тұрақталуы және туристік инфрақұрылымдардың қалыпты режимде жұмыс істеуі себеп болған деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дегенмен министрлік Таяу Шығыс аймағындағы жағдайдың әлі де күрделі екенін ескертіп, азаматтарға Бахрейн, Израиль, Йемен, Иордания, Ирак, Иран, Катар, Сауд Арабиясы, Кувейт, Ливан, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман және Сирияға сапарлардан толықтай бас тартуға кеңес береді.
«Аталған елдерге жағдай толық тұрақталғанға дейін кез келген мақсаттағы сапарларды жоспарлаудан бас тартуды ұсынамыз. Аймақтағы бірқатар елдердің әуе кеңістігі мезгіл-мезгіл жабылып жатқанын ескерген жөн», – деп ескертті министрлік өкілдері.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта осы елдерде жүрген Қазақстан азаматтарына қауіпсіздік шараларын барынша күшейту ұсынылды. Министрлік қауіпті аудандардан аулақ болуға, жергілікті биліктің нұсқауларын орындауға және Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерімен, туроператорлармен, әуе компанияларымен тұрақты байланыста болуға шақырады.
Айта кетейік, Таяу Шығыстағы жағдай АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққыларынан кейін шиеленісіп, Иран аймақтағы бірқатар мемлекеттерге зымыранмен жауап берген еді. Осыған байланысты көптеген елдерде қауіпсіздік мәселесі күрделеніп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







