Іштің анда-санда шұрқырауы көп адамға қалыпты нәрсе сияқты көрінеді. Бірақ кей жағдайда дәл осы белгі асқазан-ішек жолындағы әлдебір мәселенің алғашқы ескертуі болуы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Дәрігерлер іштің шұрқырауын борборигм деп атайды. Бұл ішектің жұмысынан шығатын табиғи дыбыс. Әдетте адам ашыққанда, ас қорыту жүйесі тағам қабылдауға дайындала бастағанда немесе майлы, ауыр тамақтан кейін осындай дыбыс естіледі. Яғни көп жағдайда іштің шұрқырауы қауіпті белгі емес, асқазан мен ішектің қалыпты жұмысының көрінісі.
Мамандардың айтуынша, іштің жиі шұрқырауының ең негізгі себебі – ас қорыту барысындағы табиғи физиологиялық үдерістер. Соның ішінде ішектің толқын тәрізді жиырылуы, асқазан-ішек жолымен газ, сұйықтық пен тағамның жылжуы басты рөл атқарады. Әсіресе адам аш болғанда бұл дыбыс анық сезіледі. Себебі аштық кезінде ағзада гормондар бөлініп, асқазан мен ішек бұлшықеттері жиырыла бастайды.
Іштің шұрқырауын күшейтетін басқа да себептер бар. Мысалы, асты тез жеу кезінде ауа жұтып қою, газдалған сусын ішу, бұршақ, қырыққабат секілді газ түзетін тағамдарды көп пайдалану, лактоза не фруктоза сияқты кей өнімдерге төзбеушілік. Кей адамдарда белгілі бір көмірсулардың ішекте нашар сіңуі де осындай жайсыздық туғызады.
Қалыпты жағдайда іш анда-санда, күніне бір-екі рет шұрқырауы мүмкін. Көбіне бұл ашыққанда не тамақ алдында болады. Бірақ дәл осы белгімен қатар ауырсыну, кебу, жүрек айну, құсу, іш өту немесе іш қату, нәжісте қан, басылмайтын қыжыл, салмақ жоғалту, іштің кернеуі сияқты қосымша белгілер пайда болса, оған жай қарауға болмайды.
Дәрігерлердің сөзінше, іштің шұрқырауы қатты ауырсынумен, ұзақ уақыт бойы үлкен дәрет пен желдің жүрмеуімен қатар жүрсе, бұл шұғыл түрде маманға қаралатын жағдай. Өйткені мұндай көрініс ас қорыту жүйесіндегі елеулі бұзылысты меңзеуі мүмкін.
Мұндай мәселенің жиі кездесетін себептерінің қатарында тітіркенген ішек синдромы, шамадан тыс тамақтану және ішек микрофлорасының бұзылуы аталады. Сондай-ақ сағыз шайнау, кәмпит сору, темекі шегу, асығыс тамақ ішу, тамақ үстінде көп сөйлеу де ішке ауа толтырып, шұрқырауды күшейтеді.
Егер іштің шұрқырауы тұрақты сипат алып, күнделікті тіршілікке кедергі келтірсе, ең әуелі терапевт пен гастроэнтерологқа қаралу керек. Нақты себеп анықталмай тұрып өз бетімен емделуге болмайды. Дәрігерлер диагнозды жоққа шығарғаннан кейін ғана тамақтану тәртібін түзету көмектесуі мүмкін.
Контекст
Мамандар мұндай жағдайда артық тамақтанбауға, асты асықпай, жақсылап шайнап жеуге, газ түзетін тағамдарды азайтуға, көбірек су ішуге, тамақтан кейін серуендеуге және жалпы қимылды көбейтуге кеңес береді. Ал кей науқастарға low-FODMAP деп аталатын арнайы диета ұсынылады. Бұл тәсіл кезінде уақытша алма, алмұрт, пияз, сарымсақ, бұршақ, бидай мен сүт секілді өнімдер шектеледі. Оның орнына киви, сәбіз, қияр, банан, күріш, қарақұмық, жұмыртқа және құс еті секілді асқазанға жеңіл өнімдер ұсынылады.
Дәрігерлердің айтуынша, кей жағдайда энтеросорбенттер газды сіңіріп, жайсыздықты азайтуы мүмкін. Ал кейбір адамға пробиотиктер көмектеседі. Егер ауырсыну болса, жай спазмолитик емес, асқазан-ішек жолының моторикасын реттейтін арнайы препараттар тағайындалуы мүмкін. Бірақ мұның бәрін тек маман шешуі керек.
Ең маңыздысы – іштің шұрқырауын үнемі ұсақ мәселе деп қабылдай беруге болмайды. Егер ол екі аптадан аса уақыт бойы қайталанып, оған қосымша жайсыз белгілер қосылса, тексерілу қажет. Өйткені өз бетінше ем іздеу кейде уақыт жоғалтып қана қоймай, денсаулыққа артық қауіп әкеледі.
Әнші Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желідегі жазбасында журналист Жанар Байсейітоваға қатты сын айтты. Оның сынына себеп болған дүние – әйел тағдырын жеңіл сөздің, арзан әңгіменің, рейтинг қуған контенттің деңгейіне түсіріп жіберген сұхбат себепші болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







