Түркістан театрының актері Шерхан Саматұлы «Қайырлы таң, Қазақстан» бағдарламасына қатысып, «МузАрт» тобына арналған сахналық қойылым туралы айтып берді. Оның сөзінше, жаңа туындыда елге кеңінен танылған трионың құрылу кезеңі, шығармашылық жолы және ішкі драмасы сахна тілімен ашылған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Актердің айтуынша, қойылымның өзегінде «МузАрт» тобының алғашқы қалыптасу тарихы жатыр. Сюжетте Мақсат Базарбаев пен Мейрамбек Бесбаевтың трио құру туралы арманы, кейін мейрамханада ән айтып жүрген Сәкен Майғазиевті көріп, үшеуінің бас қосуы көрсетіледі. Осылайша қазақ эстрадасында өзіндік орны бар топтың дүниеге келу сәті сахналық шешіммен берілген.
Шерхан Саматұлы қойылымда тек шығармашылық өрлеу ғана емес, топ ішіндегі күрделі кезеңдер де қамтылғанын айтты. Оның сөзінше, гастрольдік сапарлардан кейін араға үшінші тарап араласып, топтың ішкі бірлігіне сызат түсіре бастайды. Атап айтқанда, бір продюсер Мақсат Базарбаевтың ойын өзгертіп, оны жеке орындаушы болуға итермелейді. Сөйтіп, топ ішіне іріткі түсіріп, психологиялық ықпал арқылы Мақсаттың шеттеуіне әсер етеді.
Актер сұхбат барысында қойылымдағы ең әсерлі тұстардың бірі ретінде Мейрамбек Бесбаевтың ауырған кезеңін атады. Оның айтуынша, сол сәтте халықтың тілеулес болуы, ел болып дұға жасауы қойылымда ерекше көркем шешіммен берілген. Бұл көріністі режиссер балет әртістерінің көмегімен әсерлі етіп сахналаған.
Шерхан Саматұлының сөзінен аңғарылғаны – қойылым тек танымал топтың өмірбаянын тізіп шығатын дүние емес. Мұнда достық, өнердегі серіктестік, сахна сыртындағы қысым, адам мінезі мен танымалдықтың салмағы қатар өрілген. Яғни көрерменге жай концерттік көңіл күй емес, тұтас бір шығармашылық дәуірдің ішкі атмосферасы ұсынылмақ.
Осылайша, «МузАрт» тобына арналған сахналық қойылым қазақ эстрадасының танымал парағын театр тілімен сөйлететін жобаға айналып отыр. Ал Шерхан Саматұлы айтқан детальдарға қарағанда, көрерменді мұнда әннен бөлек, эмоциясы терең, драматизмі басым қойылым күтіп тұрған сыңайлы.
Әнші Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желідегі жазбасында журналист Жанар Байсейітоваға қатты сын айтты. Оның сынына себеп болған дүние – әйел тағдырын жеңіл сөздің, арзан әңгіменің, рейтинг қуған контенттің деңгейіне түсіріп жіберген сұхбат себепші болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







