Qarakesek лақап атымен танылған әнші Омар Амантаев сот шешімімен тағайындалған қоғамдық жұмысты бастап кетті. Ақтөбеде ол қазір көше тазалау жұмыстарына тартылып, белгіленген 100 сағатты өтеп жүр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ақпарат құралдары таратқан мәліметке сәйкес, сот қаулысы Ақтөбе қаласының Алматы ауданы әкімдігіне жолданған. Кейін әкімдік оны қала тазалығына жауапты мердігер ұйым Damu Life ЖШС-не бекіткен.
Компания басшысы Жандос Ерекешовтің айтуынша, әнші Наурыз мерекесінен кейін жұмысқа кіріскен. Қазір ол қоғамдық жұмыс аясында көше тазалаушы ретінде еңбек етіп жүр.
– Ол бізге жіберілді, қазір көше тазалау жұмыстарын атқарып жатыр. Белгіленген уақыт толық өтеледі. Компания қызметкерлеріне қатысты қосымша ақпарат берілмейді. Біздің ұйым Ақтөбедегі Заречный тұрғын алабына жауапты. Мұнда аялдамалар, жаяу жүргіншілер жолы мен саябақтар тазаланады, – деді компания өкілі.
Еске салсақ, былтыр күзде Ақтөбеде Qarakesek есірткіге мас күйде көлік тізгіндегені үшін ұсталған болатын. Сот шешімімен ол 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Бұдан бөлек, есірткі заттарын заңсыз пайдалану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сот барысында Омар Амантаев өз кінәсін мойындаған.
Гастрольдік сапарлардан кейін МузАрт тобына үшінші тарап араласып, топтың ішкі бірлігіне сызат түскені белгілі болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







