Қазақстан нарығындағы басты импорттаушы елдер қатарында Ресей қайтадан бірінші орынға шықты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, биылғы сегіз айдың қорытындысында Ресейден жеткізілген тауарлардың үлесі 29,4 пайызға жеткен. Осылайша Ресей Қазақстан импортындағы көшбасшылықты қайта алып, Қытайды екінші орынға ығыстырды. Ал алғашқы үштікті 4,6 пайыздық үлеспен Германия түйіндеп отыр.
Экспорт бағытында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Қазақстан тауарын ең көп сатып алатын елдер қатарында Италия алда тұр. Оның үлесі 21 пайызды құрайды. Одан кейін Қытай – 18,7 пайыз, Ресей – 10,5 пайыз көрсеткішпен тұр.
Жалпы алғанда, Қазақстан мен Ресей арасындағы сегіз айлық тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 5,7 пайызға азайып, шамамен 17 млрд доллар деңгейінде қалыптасқан. Ресейге жіберілген қазақстандық экспорт 15,4 пайызға төмендеп, 5,2 млрд долларға жуықтаған.
Ресейден келетін импорт көлемі де сәл қысқарған. Алайда төмендеу айтарлықтай емес. Өткен жылмен салыстырғанда 0,6 пайызға кемісе де, жалпы көлемі 11,8 млрд доллар шамасында сақталған.
Соған қарамастан, Қазақстан кейбір ресейлік өнімдерді бұрынғыдан көбірек сатып ала бастаған. Мысалы, энергетикалық тауарлар импорты 13 пайызға өсіп, 1,25 млрд долларға жеткен. Химия өнеркәсібі өнімдерінің көлемі 2 млрд доллардан асқан.
Әсіресе текстиль өнімдеріне сұраныс күрт артқан. Осы санаттағы импорт 47 пайызға өсіп, 602,9 млн долларға жеткен. Аяқ киім мен галантерея тауарлары да 45 пайызға көбейіп, 71,3 млн доллар болған. Ал құрылыс материалдарын сатып алу, керісінше, 10 пайызға жуық азайып, 186,6 млн доллар деңгейінде қалған.
Жалпы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы биыл 2,1 пайызға төмендеп, 90,25 млрд долларды құрады. Экспорт көлемі 5,7 пайызға қысқарған. Ал импорт үлесі 2,8 пайызға өсіп отыр.
Осы көрсеткіштер Қазақстанның сыртқы сауда құрылымында импорт бағыты күшейіп келе жатқанын аңғартады. Ресейдің қайтадан бірінші орынға шығуы да осы үрдістің айқын белгісіне айналды.
Үйде бос тұрған ескі теледидарды көп адам тек артық зат ретінде көреді. Бірақ оны дұрыс пайдалансаңыз, қарапайым телевизор жұмысқа, оқуға немесе күнделікті цифрлық тірлікке ыңғайлы қосымша экранға айналдыруға болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







