Қазақстанның туризм саласындағы амбассадоры, миллиондаған жазылушысы бар қытайлық блогер Тао Минсю президент Тоқаевтың Жарлығымен ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жоғары мемлекеттік марапатты Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тапсырды.
Тао Минсю награданы Қазақстанды Қытай медиакеңістігінде кеңінен танытуға, елдің мәдени мұрасы мен туристік әлеуетін дәріптеуге. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін алды.
«Сіздің еңбегіңіздің арқасында миллиондаған адам Қазақстанмен жақын танысты, елдің бай мәдени мұрасын, көркем табиғатын және туристік әлеуетін ашты. «Достық» ордені – Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен гуманитарлық байланысты нығайтуға қосқан үлесіңізге берілген жоғары баға», – деді Аида Балаева салтанатты рәсімде.
Тао Минсю (Тао Тао деген атпен де белгілі) Қазақстанға алғаш рет 2024 жылы келген. Ол осы уақытқа дейін Астана, Алматы қалаларымен қатар Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарын аралап, әлеуметтік желілерде 100-ден астам материал жариялаған. Материалдар жалпы саны 1 миллиардтан астам қаралым жинады.
2025 жылдың мамырында оған «Қазақстан туризмінің елшісі» атағы берілді. Қазір Қазақстанға бесінші мәрте келген блогер Алматы – Ақтау – Түркістан бағыты бойынша саяхаттап, Амал мен Наурыз мерекелеріне қатысты іс-шараларға қатысып жүр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







