Күніне 1-2 бокал шарап ішу ер адамдардың биологиялық қартаюын баяулатады. Алайда мұндай әсер әйелдерде байқалмайды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Италияның ЛУМ университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу қорытындысына сәйкес, күніне шамамен 200 мл шарап ішкен ер адамдардың жасушалары жарты жылға жас күйінде сақталады. Басқа алкогольді сусындардың мұндай әсері жоқ, сондықтан ғалымдар шарап құрамындағы алкогольсіз қосылыстардың рөліне тоқталып отыр.
Зерттеуге 22 мың адам қатысқан. Олардың биологиялық жасы қан сынамасы арқылы, гормондар мен басқа да биомаркерлер негізінде жасанды интеллект көмегімен анықталған.
Әйелдерде мұндай әсердің болмауын зерттеушілер олардың организміндегі гормоналдық ерекшеліктермен және алкогольді басқаша өңдеуімен түсіндіреді.
Ғалымдардың пікірінше, шарап құрамындағы полифенолдар қабынуды азайтып, метаболизмді жақсартады және жасушалардың қартаю процесін баяулатады.
«Шарапты аз мөлшерде тұтыну жалпы алкогольді ішімдіктерге қарағанда ерлердің биологиялық қартаюын бәсеңдетеді. Бұл шараптағы полифенолдардың әсерімен байланысты болуы мүмкін», – делінген International Journal of Public Health басылымындағы зерттеу қорытындысында.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







