Алматының валюта айырбастау орындарында 7 сәуірде доллар бағамы 460 теңгеден төмен түсті. Kurs.kz порталының деректеріне сәйкес, түстен кейінгі биржалық курс 460,4 теңге деңгейінде тіркелді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаладағы айырбас орындарында долларды сатып алу бағамының ең төменгі көрсеткіші – 454 теңге, ең жоғарысы – 461,5 теңге. Ал доллар сату бағамы – 459,5-тен 463,9 теңгеге дейін аралықта. Айырбас пункттерінің кейбірі түскі саудада қалыптасқан биржалық бағамнан (460,8 теңге) сәл тиімдірек бағам ұсынуда. Күн ішінде доллар бағамының ең төменгі шегі 458,65 теңгеге дейін түсті.
Еуро бағамы айырбас пункттерінде 533-540 теңге аралығында болса, соңғы апталарда Ресейде доллардан басымдықпен нығайып жатқан рубль 5,85-6,3 теңге аралығында сатылып жатыр.
Теңге қыркүйек айының соңынан бері тұрақты түрде нығаюда. Осы уақыт ішінде ұлттық валюта 16,1%-ға күшейген.
Сарапшылар теңгенің күшеюіне шетелдік инвестициялардың келуі, салық кезеңі, Ұлттық банктің жоғары базалық мөлшерлемесі, Ұлттық қордан бюджетке трансферттердің өсуі, мұнай бағасының қымбаттауы мен әлемдік нарықта доллардың әлсіреуі сияқты факторлар әсер еткенін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







