Қазақстанда көлік тізгінінде телефон қолданғаны үшін салынатын айыппұлға қатысты дау қайта күшейді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Заңгерлер мен автосарапшылар қолданыстағы норманы ескірген әрі бүгінгі цифрлық өмірге сай келмейді деп санайды. Даудың өзегі телефон ұстаған жүргізушіні жазалау емес, заңдағы тұжырымның шекарасы бұлыңғыр болып тұрғанында. Сарапшылардың айтуынша, нақ осындай көмескі норма ертең біреуге қатаң қолданылып, енді біреуге мүлде жүрмей қалуы мүмкін.
Талқылаудың қайта қызуына 12 наурыздан бастап телефонмен сөйлескені және қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін автоматты айыппұл жазу тәжірибесінің басталуы түрткі болды. ІІМ алғашқы нәтижеге баға беруге әлі ерте екенін айтқанымен, жүргізушілер арасындағы алаң күшейген.
Әлеуметтік желіде камерадан смартфонды жасырудың түрлі «айласын» көрсеткен әзіл аралас жазбалар көбейді. Бірі телефонды бас киімге ұқсатуды ұсынса, бірі көлік панеліне шағын қалқан орнату жайын қозғаған. Алайда мамандар мұндай әрекет айыппұлдан құтқармайтынын, керісінше жолдағы қауіпті үдетуі мүмкін екенін ескертеді.
Сарапшылар не дейді?
Заңгер Сайкен Айсин мәселенің тамыры әлдеқайда тереңде жатқанын айтады. Оның пайымынша, бүгін дауға айналған бап смартфон дәуіріне емес, батырмалы телефон уақытына лайықталып жазылған. Сол себепті қазіргі өмірдің талабы мен заң мәтінінің арасы алшақтап кеткен.
Ол мәселені былай түсіндірді:
«Бұрын, осыдан 18 жыл бұрын телефондар батырмалы еді, сөйлесуге және SMS жіберуге арналған. Қазіргі смартфондар таптырмас көп функция атқарады: навигация бар, таксистер мен курьерлер тапсырыс қабылдайды. Кей жағдайда жолдағы қолайсыз ауа райында көріністі жақсарту үшін де пайдаланылады».
Заңгердің сөзінше, түйткіл технологияның өзгергенінде ғана емес. Негізгі қатер заң нормасының өз құрылымында жатыр. Егер бапта неге рұқсат етілетіні, неге тыйым салынатыны анық көрсетілмесе, әркім оны өз бетінше түсіндіре бастайды. Ал мұндай жағдайда оны қолдану тәжірибесі бірізді болмайды.
Осы ойды автосарапшы Алексей Алексеев те қолдайды. Оның пікірінше, мәселе тек түсіндірумен шешілмейді. ІІМ түсіндірме беріп отыр, бірақ нақты шекара заңның өзінде жазылуы тиіс. Сонда айыппұлды да, оны даулау процесін де әркім әрқалай жорымайды.
Сарапшының айтуынша: «Негізі, мұны тарқатып жазу керек. Қазір ІІМ телефонды қандай тәсілмен қолдануға болатынын, қай жағдайда айыппұл салынатынын түсіндіріп жүр. Соның бәрін заңның өзінде нақтылап жазу қажет. Сонда біреудің өз бетінше жоруы болмайды, ал адам ондай айыппұлға шағымданғанда судья да өз қалауынша шешім қабылдамайды».
Бұған дейін…
Полиция телефонды қалай қолдануға болатынын түсіндірген еді. ІІМ мәліметіне қарағанда, жүргізуші телефонды қолында да, құлағына тақап та ұстамауы керек. Мұндай талап көлік қозғалып келе жатқан сәтке де, қысқа мерзімге тоқтаған мезетке де қатысты. Смартфонды арнайы ұстағышқа орнатып қолдануға рұқсат бар, бірақ жүріп келе жатқанда онымен әрекеттесуге болмайды.
Дегенмен заңгерлер дәл осы түсіндірмелердің өзі дауды тоқтатпағанын айтады. Керісінше, бапты нақтылап қайта жазу қажет деген талапты күшейте түскен.
Мұндағы басты сұрақ қарапайым: жүргізушіге қауіп төндіретін әрекет үшін жаза керек пе? Әрине, керек. Бірақ сол жаза түсінікті, нақты әрі бәріне бірдей қолданылуы тиіс. Қазір дау да, күмән де нақ осы арадан туып отыр. Смартфон көліктегі жай сөйлесу құралы емес, навигатор да, жұмыс тетігі де, байланыс арнасы да болып кеткен кезеңде ескі бап жаңа шындыққа ілесе алмай қалғандай.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







