Қаржы министрлігі азаматтардың банк шоттарын тікелей бақылап отырған жоқ және әрбір аударымды жеке қадағаламайды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы ведомствоның вице-министрі Әсет Тұрысов мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, банк клиенттерінің мобильді аударымдары туралы деректер салық органдарына тек нақты заңды негіздер болған жағдайда ғана беріледі.
«Біз әрбір транзакцияны көріп отырған жоқпыз. Банктер ақпаратты Салық кодексінде көрсетілген жағдайлар орындалғанда ғана жібереді», – деп түсіндірді Тұрысов.
Атап айтқанда, үш ай ішінде бір шотқа 100-ден аса түрлі адамдардан аударым түссе немесе кәсіпкерлік қызметке тән тәуекел белгілері байқалса ғана деректер салық органдарына жолданады.
Министрлік өкілі салықшылардың азаматтардың банктегі шоттарына тікелей қолжетімділігі жоқ екенін және барлық транзакцияны жаппай қадағаламайтынын қайталап айтты. Ақпарат тек мақсатты түрде және Салық кодексінің талаптарына сәйкес беріледі.
Жаңа жүйе әзірге бастапқы кезеңде. Бірінші тоқсанның есебі енді ғана қалыптасып жатыр, сондықтан оның азаматтардың тәртібіне және салықтық жауапкершілігіне әсерін бағалау әлі ерте. Толық түсініктемені Мемлекеттік кірістер комитеті алдағы уақытта ұсынады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







