Көпшілігіміз көктемнің ортасында өзімізді ерекше шаршаңқы әрі көңілсіз сезінеміз. Неврологтар мен психологтар мұны «сәуір шаршауы» деп атайды. Мамандардың айтуынша, бұл ешқандай ауру емес, керісінше, организмнің табиғи бейімделу процесі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Невролог, психотерапевт Людмила Кокоткина атап өткендей, ағзамыз көктемде қысқы режимнен шығып, жаңа ырғаққа көшеді. Күн ұзарған сайын белсенді болуға деген қажеттілік артады, ал ағзамыз әлі де қысқы әдет бойынша энергияны үнемдеуге тырысады. Сонымен қатар маусым ауысқан кезде гормоналдық өзгерістер болып, қан айналым жүйесіне қосымша жүктеме түседі, ағзада дәрумендер тапшылығы байқалады. Мұның бәрі 2-3 аптаға созылатын шаршау сезімін туғызады.
Сәуір шаршауын депрессиядан қалай ажыратамыз?
Психолог Антон Коровин көктемгі шаршау мен депрессияның айырмашылығын түсіндірді:
Егер демалған соң, серуендеп қайтқан соң бойыңызда қуат пайда болып, кішкентай нәрселерден ләззат ала алсаңыз, бұл уақытша шаршаудың белгісі.
Ал егер демалыс та көмектеспей, таңертең шаршаңқы оянып, бұрын қызық болған нәрселерден қуаныш таппасаңыз, күнделікті тіршілікке құлшыныс жоғалса және бұл 2-3 аптадан асып кетсе, міндетті түрде маманның көмегіне жүгінгеніңіз жөн.
Өзіңізге қалай көмектесуге болады?
Мамандар сәуір шаршауынан жылдам арылуға көмектесетін 5 қарапайым кеңес ұсынады:
Ұйқыңызды реттеңіз: жүйке жүйесінің қалпына келуі үшін түнде 7–9 сағат ұйықтаңыз.
Таза ауада серуендеңіз: күннің көзі мен оттегі ағзаны қуаттандырады.
Дұрыс тамақтаныңыз: D3 дәруменін профилактикалық дозада қабылдаңыз, көкөніс, жасыл шөптерді көбірек жеңіз және суды жеткілікті мөлшерде ішіңіз.
Өз-өзіңізге деген талапты төмендетіңіз: күніне он істі емес, бір істі ғана жоспарлап, соны міндетті түрде орындаңыз.
Ақпараттық шуды азайтыңыз: хабарландыруларды өшіріп, жаңалықтарды сирек оқыңыз.
Осы қарапайым ережелерді ұстану арқылы көктемді сергек әрі қуатты көңіл-күймен қарсы алуға мүмкіндік бар. Ең бастысы – өз жағдайыңызға мұқият болыңыз.
Kaspi.kz танымал финтех-сервисі мобильді қосымшаға қатысты қатаң шектеулер енгізді. Бұдан былай жүйеде тек қазақстандық телефон нөмірімен тіркелуге болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







