Қазақстандық банктер азаматтардың биылғы алғашқы тоқсандағы ақша аударымдары туралы деректі 15 сәуірге дейін Қаржы министрлігіне тапсырады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алайда әрбір аударым емес, тек бизнес белгілері анық байқалғандары ғана бақылауға ілігеді. Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов кәсіпкерлік сипаты бар аударымдардың нақты критерийлері белгіленгенін айтты. Осы талаптар негізінде банктер «қызыл жалаушалар» түзіп, тиісті мәліметті мемлекеттік органдарға ұсынады.
«Заңға нормалар енгізілді, ережелерді Ұлттық банк бекітті. Белгіленген шарттарға сәйкес, бірінші тоқсандағы мәліметті банктерден 15 сәуірге дейін аламыз. Банктер сол «қызыл жалаушалар» бойынша ақпараттарды жинақтап, бізге береді. Әрі қарай сол деректер негізінде камералдық бақылау жүргізіп, азаматтарға хабарлама жібереміз. Салық есебін тапсырған немесе тиісті түсініктеме берген жағдайда мәселе шешіледі. Сіз мысал етіп келтірген, біреуге кофе немесе түскі ас алып беріп, кейін ақшасын аудару жағдайлары кәсіпкерлік әрекетке жатпайды», – деді Біржанов.
Министрлік өкілі тексерудің басты мақсаты күнделікті төлемдер емес, жасырын кәсіпкерлікті анықтау екенін атап өтті.
«Кофе мен түскі ас секілді күнделікті шығындар бизнестің белгілеріне жатпайды. Критерий көп, олар бір мезетте іске асуы тиіс. Барлығымыз да достарымызбен тамақ ішеміз, сондай төлемдер есепке алынбайды. Тіпті бір адам бүкіл ұжымның атынан 150 адамның туған күніне ақша жинап жүрсе де, алдымен оған хабарлама жолдаймыз. Ол түсініктемесін берсе жеткілікті», – деп сендірді Біржанов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







