Қайрат Нұртас пен Лобода арасындағы ықтимал дуэт туралы әңгіме қазақ шоу-бизнесіндегі ескі комплексті қайта қоздырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Танымал журналист Ербол Мәндібектің айтуынша, «Ресей эстрадасын қазақтың есігінен сығалатқан Қайрат Нұртас мықты әрі мәшһүр». Бірақ осы пікірдің астарына үңілсек, мәселе Қайраттың мықтылығында ғана тұрған жоқ. Мәселе қазақ өнерінің әлі күнге дейін сырттан келген танымал есімге ерекше елтіп, соны өзіне үлкен мәртебе санайтын психологиядан арыла алмай жүргенінін байқауға болады.
Қайрат Нұртас қазақ эстрадасында өз орнын әлдеқашан дәлелдеген әнші. Оның тыңдарманы бар, нарығы бар, сахнадағы салмағы бар. Оған ешкімнің күмәні жоқ.
Бірақ қазақ әншісінің қасына орыс тілді кеңістіктен бір танымал орындаушы келсе, оны бірден «әлемдік мойындау», «үлкен деңгей», «тарихи коллаборация» деп әспеттеу әдеті әлі қалмады. Осы тұста сұрақ туындайды. Неге біз өз әншімізді сырттан біреу мойындағанда ғана ірі көре бастаймыз?
Лобода Қайрат Нұртасқа шын өнерге тән құрметпен келді ме, әлде Қазақстан нарығына жол іздеп отыр ма деген сұрақ та туындайды. Өйткені соңғы жылдары орыс тілді шоу-бизнес өкілдері үшін Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан секілді нарықтардың маңызы күрт артты.
Ресейдің өз ішіндегі ахуал, санкциялық қысым, концерттік географияның тарылуы олардың жаңа аудитория іздеуіне әсер етті. Сондықтан мұндай дуэттерді тек өнердегі махаббат деп түсіндіру аңғалдық болар еді. Мұнда нарық та бар, есеп те бар, тыңдарманға шығатын жол да бар.
Лободаның келуі ескі комплекстің көрінісі
Ресейден келген әншіге төр ұсыну, оны ерекше дәріптеу, қазақ сахнасына шықса болды мәртебе санау көпшіліктің жүйкесіне тие бастағаны жасырын емес.Себебі қазақ өнері әлдеқашан өз тыңдарманын қалыптастырды.
Қазақ тіліндегі әндер миллиондап тыңдалады, той нарығын да, концерт залын да, әлеуметтік желіні де өзіміздің әншілер ұстап отыр. Соған қарамастан, орыс тілді эстрададан біреу келсе, кей әншілер мен продюсерлер соны үлкен жетістік етіп көрсетуге асығады.
Мұнда Лободаға қарсы жеке өкпе емес, мәдени тәуелділікке қарсы қарсылық бар. Қазақ сахнасы ешкімнің уақытша паналайтын алаңы болмауы керек. Қазақстан аудиториясы да кез келген сыртқы жобаға дайын тұрған бос кеңістік емес. Егер шетелдік әнші қазақ тыңдарманына келгісі келсе, оған құрметпен, тең серіктес ретінде келуі қажет. Қазақ әншісін өзіне баспалдақ қылу ниеті байқалса, ондай «достықтың» құны арзан.
Қайрат Нұртас сияқты танымал әнші мұндай жобаларда әлдеқайда биік ұстаным көрсетуге тиіс. Ол біреудің қазақ нарығына кіретін кілті емес, қазақ эстрадасының өз алдына қалыптасқан өкілі.
Сондықтан мұндай дуэт болса, оның көркемдік сапасы, қазақ тілінің орны, қазақ аудиториясына деген құрметі бірінші орында тұруы керек. Әйтпесе, сыртқы жылтырдың артында баяғы ескі жағымпаздық көрініп қалады.
Ербол Мәндібек айтқандай, орыс тілді шоу-бизнес өкілінің Қайратқа келуін қазақ өнерінің жеңісі деп асығыс әңгіме айтықымыз жоқ. Нағыз жеңіс қазақ әншілерінің өз тілімен, өз стилімен, өз нарығымен сыртқы әріптестікті тең деңгейде жүргізе алуында. Ал сырттан келген әр орындаушыға «міне, бізді мойындады» деп мәз болу өнердегі ескі дағдыдан арыла алмағанымыздың белгісі.
Осыған дейін анымал журналист Ербол Мәндібек Алматыда Баян Мақсатқызына ескерткіш орнатуды ұсынған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







