Журналист Дана Нұржігіт әлеуметтік желідегі парақшасында нағашы ағасы Хасан Ормановтың өмірден өткенін хабарлады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ол жазбасында марқұм ағасын балалық шағының бір бөлшегі ретінде еске алды. Дана Нұржігіттің айтуынша, Хасан Орманов әскерден оралып, шаңырақ көтерген, кейін атасының қара шаңырағына ие болып, ауылдағы сыйлы азаматтың біріне айналған.
Журналист нағашы ағасының ауыл интеллигенциясы қатарында болғанын, ардагер ретінде ел ішінде құрметке бөленгенін жазды. Оның зейнетке шыққанына бар-жоғы бір ай ғана болған. 5 сәуір күні мерейтойын өткізіп, туған-туыстың қуанышына бөленген сәті соңғы жарқын естелік болып қалған.
«Хасан нағашым… балалығымның куәсі… әскерден келгені, үйленгені, атамның шаңырағына ие болып, ауыл интеллигенциясының, ардагерінің алды болып, зейнетке шыққанына бір ай ғана болған еді… 5 сәуір күні ғана мерейтойын өткізіп… Соңғы көрген қуанышы екен ғой!» деп жазды Дана Нұржігіт.
Журналист жазбасында нағашы ауылдың қара жамылғанын айтып, ағасына деген сағынышын жеткізді. Ол Хасан Ормановтың Диханкөл ауылының жұртын өнерімен сусындатқан ақкөңіл, аңқылдаған азамат болғанын атап өтті.
Дана Нұржігіт марқұмның жары Гүлзипа жеңгесіне, өнерлі ұрпағына және нағашы жұртына қайғыра көңіл айтты. Журналист үшін нағашы ағасының қазасы туған ауылмен, балалық шақпен, еркелеп баратын жақын ортамен байланысты үлкен жоғалту болып отыр.
«Кімді іздеп, кімге еркелеп барып, жиендік жасап, мауқымды басам?! Диханкөл ауылының жұртын өнерімен сусындатқан аңқылдаған ағамның аруағы қолдасын! Өнерлі ұрпағына, жары Гүлзипа жеңгеме, нағашы жұртыма қайғырып көңіл айтамын! Алдыңнан жарылқасын, Хасеке!» деді ол.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







