Ақын Танакөз Толқынқызы поэзия кешінің ақылы болуына қатысты оқырман пікіріне жауап берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ақынның айтуынша, әлеуметтік желіде бір оқырман «Кеш сонда ақылы ма?» деген пікір қалдырған. Танакөз Толқынқызы мұндай сұрақтың астарында «әдетте тегін өтетін поэзия кешіне неге ақша сұралады?» деген түсінік жатқанын бірден аңғарғанын айтады.
Оның ойынша, қоғамда поэзия кеші міндетті түрде тегін болуы керек деген қате түсінік қалыптасқан. Адамдар күнделікті өмірде түрлі қызметке ақы төлеуге үйренген. Маникюр, шаш бояту, сантехник шақыру, мейрамханада тамақтану, би сабағы немесе ағылшын тілі курсы – бәріне ақы төленеді.
Ал ақын кеші, өнер адамының еңбегі, сахнаға шыққан кәсіби мамандардың дайындығы көп жағдайда тегін болуы тиіс секілді қабылданады.
Танакөз Толқынқызы мұндай көзқарасты әділетсіз деп санайды. Оның айтуынша, бір жарым сағаттық поэзия кешінде кемінде 15 адам өнер көрсетеді, 20-ға жуық адам қызмет етеді. Кәсіби актерлар өлең оқиды, композиторлар мен әншілер ақынның сөзіне жазылған әндерді орындайды. Кеште кәсіби бачата бишісімен бірге қойылым да болады. Ақын мұны тұтас бір спектакльге теңейді.
Оның пікірінше, қарапайым тойға өнер адамдарын шақырғанда ешкім олардың тегін қызмет етуін күтпейді. Әнші, актер, биші, оператор, фотограф – бәрінің еңбегі бар. Ендеше поэзия кеші де сол еңбектің, дайындықтың, сахналық мәдениеттің нәтижесі ретінде бағалануы қажет.
Ақынның айтуынша, поэзия кешін ұйымдастырудың өз шығыны көп. Атмосфералық зал кемінде 4 сағатқа жалға алынады. Мобилограф, оператор, фотограф, қосымша аппаратура қажет болады. Кейде залдағы техникалық жабдық әншілер талабына сай келмейді. Сондықтан қосымша дыбыс құралдарын жалдауға тура келеді.
Танакөз Толқынқызы поэзия кеші ақылы болса да, оны коммерциялық жоба деуге келмейтінін айтады. Себебі билеттен түскен қаражат көбіне ұйымдастыру шығынының өзін толық жаппайды. Ақын үшін мұндай кеш табыс табу жолы емес, оқырманмен жүздесу, поэзияны сахналық кеңістікке шығару, сөз бен әуеннің, актерлік оқылым мен бидің бір арнада тоғысуы.
Сахнадағы сөздің салмағы
Оның ойынша, атмосфералық поэзия кештерінің қадірін түсіну керек. Мұндай кеш жиі өте бермейді. Поэзия – эстрада емес, айтыс та емес. Ол – жазба өнер. Оны ішкі дайындығы бар, өлеңнің үнсіз салмағын сезетін аз ғана орта тыңдайды. Сондықтан мұндай кеш жүздеген адамға емес, отыз-қырық адамға арналған ерекше рухани кеңістік болуы мүмкін.
Ақынның «Үнсіз отырмашы» атты поэзия кеші Астана қаласында 28 мамыр күні, бейсенбіде, Мәңгілік ел даңғылы, 38 мекенжайында сағат 19:00-де өтеді. Кеш қонақтары ақынның кітаптарын сатып алып, қолтаңба қойдырып, суретке түсе алады.
Танакөз Толқынқызы жалпы кеш беруге аса құмар адам емес екенін, осы кеш соңғы шығармашылық кеші болуы да мүмкін екенін жазды.
Ақын көтерген мәселе бір ғана кештің бағасына қатысты емес. Мұнда қазақ қоғамының өнер еңбегіне, поэзияға, шығармашылыққа көзқарасы тұр. Поэзияны жақсы көрсек, оны тек қошеметпен емес, нақты қолдаумен де бағалауымыз керек. Өлең де еңбек. Сахнаға шыққан ақынның артында жылдар бойғы ой, сезім, кітап, дайындық, команда және ұйымдастыру шығыны тұрады. Сол еңбекті түсіну – руханиятқа құрметтің бір көрінісі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







