Бразилияда дәрігерлер қайтыс болды деп таныған 88 жастағы ер адам жерлеу бюросында тірі екені анықталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оқиға 16 мамыр күні Бразилияның Президенте-Бернардес қаласында болған. Хурачи Роза Алвес есімді қария тыныс алу жеткіліксіздігімен ауруханаға жеткізілген. Кейін дәрігерлер оның қайтыс болғанын хабарлаған.
Осыдан соң ер адамның денесі жерлеу рәсіміне дайындау үшін жерлеу бюросына жіберілген. Алайда бюро қызметкерлері марқұм деп жеткізілген қарияның іш тұсында әлсіз қозғалыс барын байқап, оның өмір белгілерін аңғарған.
Жерлеу бюросының медбикелік қызмет басшысы Жаклин Броджиатоның айтуынша, алғашқы сәтте қызметкерлер жағдайды бірден түсіне алмаған.
«Алғашында оның тыныс алып жатқанын анық ажырата алмадық. Кейін өмір белгілері байқалған соң бірден алғашқы көмекті көрсетіп, жедел жәрдем шақырдық», деді ол жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында.
Осыдан кейін Хурачи Роза Алвес Президенте-Пруденти қаласындағы ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі таңда оның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланып отыр.
Оқиғадан кейін құқық қорғау органдары «көмек көрсетпеу» дерегі бойынша іс қозғады. Жергілікті билік пен аурухана өкілдері де аталған жағдайға байланысты ішкі тексеру басталғанын мәлімдеді.
Бұл оқиға медициналық қорытындының дәлдігі, науқастың өмір белгілерін тексеру тәртібі және жедел көмек көрсету жауапкершілігі төңірегіндегі сұрақтарды қайта көтерді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







