7 маусымда Алматыда ашық аспан астында өтетін The Spirit of Tengri фестивалі көрерменді тағы да әлемдік әуен кеңістігіне жинайды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Биыл фестивальдің арнайы қонағы Enigma жобасы арқылы әлемге танылған аңыз дауыс иесі Andru Donalds. Оның сахнаға шығуы жай ғана халықаралық жұлдыздың концерті емес, The Spirit of Tengri ұстанатын музыкалық философияның жалғасы.
Фестиваль әрдайым этникалық музыканы бір қалыпқа қамап қоймай, оны электронды этно, ethno fusion, ethno rock және түрлі мәдениет тоғысқан эксперименттік бағыттармен байланыстырып келеді. Сондықтан Andru Donalds репертуары осы алаңға табиғи түрде үйлеседі.
Enigma арқылы танылған оның дауысы этникалық сарын мен электронды музыканың ерекше үндестігімен көп тыңдарманның жадында қалды. Ал бүгінгі Andru Donalds жеке сахналық жолы бар, поп, соул және world music элементтерін қатар алып жүрген дербес әртіс.
Алматыдағы кеште ол тыңдарманға «Seven Lives», «Modern Crusaders», «The Gravity of Love», «Return to Innocence» секілді танымал композицияларды ұсынады.
Сонымен бірге қазақстандық музыканттарға да үлкен мүмкіндік беріледі. Open call аясында жергілікті орындаушылар көпмыңдық аудитория алдында өз шығармашылығын таныстыра алады. The Spirit of Tengri осылайша әлемдік сахна мен отандық таланттың басын қосатын маңызды музыкалық алаңға айналып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







