Қытай ғалымдары мен инженерлері әдеттегі жердегі жел турбиналары жете алмайтын биіктікте жел қуатын аэростат арқылы өндіріудің жаңа технологияны дамытып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әңгіме стратосфералық әуе жел энергетикасы жүйесі туралы болып отыр. Алғаш естігенде фантастика сияқты көрінеді. Алып аэростат аспанға көтеріліп, ішіндегі турбиналар арқылы электр энергиясын өндіреді. Бірақ Қытай бұл бағытқа өте байыппен кірісті. Жобаны Бейжіңдегі Цинхуа университеті мен SAWES Energy Technology Co., Ltd. стартабы әзірлеп жатыр.
Жүйенің басты артықшылығы – биіктегі желдің күші мен тұрақтылығында. Жердегі турбиналар ауа райына, рельефке, биіктік шектеуіне және жер теліміне тәуелді. Ал гелиймен толтырылған аэростат турбиналарды 2000 метрге дейін көтере алады. Мұндай биіктікте жел жер бетіндегіден әлдеқайда тұрақты әрі қуатты болады.
2026 жылдың басында таныстырылған SAWES Type S2000 жүйесі мегаватт деңгейінде электр өндіре алатын алғашқы әуе жел энергетикасы жүйесі ретінде сипатталып отыр. Аэростаттың ұзындығы 60 метр, биіктігі мен ені 40 метр. Оның ішінде жалпы қуаты 3 мегаватт болатын 12 турбина орналасқан. Өндірілген электр энергиясы арнайы кабель арқылы жердегі станцияға беріледі.
Әзірлеушілердің айтуынша, S2000 жүйесінің бір сағаттағы өндірісі шамамен 30 электромобильді толық қуаттауға жетуі мүмкін. Егер бұл технология өндірістік деңгейде тиімділігін дәлелдесе, жел энергетикасының мүлде жаңа бағыты ашылады.
Жасыл энергетикадағы батыл қадам
Әуе турбиналарының тағы бір артықшылығы – жерді көп қажет етпейді. Алып жел мұнараларын салу үшін үлкен аумақ, іргетас, жол және күрделі инфрақұрылым керек. Ал аэростатты шалғай, халқы аз өңірлерге орналастыру оңайырақ. Қытайдың кең аумағы мұндай технологияны сынауға қолайлы мүмкіндік беріп отыр.
Дегенмен қиындық та аз емес. Қатты дауыл кезінде аэростатты жерге түсіруге тура келеді. Байлау кабелі уақыт өте тозуы мүмкін. Ол зақымданса, электр өндірісі тоқтайды әрі жөндеу қажет болады. Тағы бір мәселе – төмен биіктікте ұшатын тікұшақтар мен төтенше жағдай авиациясы үшін қауіпсіздік дәлізін нақты белгілеу керек.
Қытайдың бұл жобаға қызығуы кездейсоқ емес. Ел жасыл энергетикаға үлкен қаржы салып жатыр. Күн энергетикасы, электромобиль өндірісі, аккумулятор технологиясы, литий-ион батареялары және жасыл сутек инфрақұрылымы Қытайдың қазба отынға тәуелділігін азайту стратегиясының бір бөлігіне айналды.
Егер Қытай ұшатын жел турбиналарын арзан әрі сенімді деңгейде өндіре алса, ол жердегі дәстүрлі жел станциялары ала алмайтын биіктегі энергияға қол жеткізеді. Мұндай технология әзірге нарықтың шағын әрі тәжірибелік бөлігі болып көрінгенімен, болашақта жасыл энергетиканың жаңа тірегіне айналуы мүмкін.
Әлем энергетикасы қазір жер астындағы көмір мен мұнайдан аспандағы желге, күнге және сутекке қарай бұрылып барады. Қытайдың әуе турбинасы сол өзгерістің ең қызық мысалдарының бірі. Болашақта электр қуаты тек даладағы мұнарадан емес, аспанда қалқып тұрған алып аэростаттардан да келуі ықтимал.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







