Қазақстанда курьер болып қосымша жұмыс істейтін аналарды әлеуметтік төлемнен айыру туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әлеуметтік желілер мен кейбір ақпараттық пабликтерде бала күтіміндегі аналар курьер ретінде қосымша табыс тапса, мемлекеттен берілетін әлеуметтік төлемнен айырылуы мүмкін деген мәлімет тарады. Уәкілетті орган мұндай ақпаратты жоққа шығарды.
Түсіндірмеге сәйкес, бала күтімін жүзеге асыратын жұмыс істемейтін ата-аналарға республикалық бюджет есебінен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Бұл төлем бала бір жарым жасқа толғанға дейін беріледі. Жәрдемақы шартсыз сипатқа ие, сондықтан алушы кейін жұмысқа орналасса да, белгіленген мерзімге дейін төлене береді.
Ал тұрақты жұмысы бар және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын ата-аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлек әлеуметтік төлем тағайындалады. Ол бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда беріледі. Төлем мөлшері бала туған күнге дейінгі соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызы негізінде есептеледі.
Әлеуметтік кодекс нормаларына сәйкес, мұндай төлемді жұмысқа шығуына байланысты тоқтату тек алушының өз еркімен жазған өтініші арқылы ғана жүзеге асады. Яғни қосымша жұмыс істеу немесе курьерлік қызмет атқару төлемді автоматты түрде тоқтатуға негіз болмайды.
Уәкілетті органдар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін, блогерлер мен паблик әкімшілерін ресми мәлімдемені дұрыс түсіндіруге шақырды. Азаматтарды шатастыратын тақырыптар мен тұжырымдардан аулақ болған жөн.
Тұрғындарға әлеуметтік төлемге қатысты ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеру ұсынылады. Қандай да бір сұрақ туындаса, бейінді мемлекеттік органға тікелей жүгінген дұрыс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







