Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев ел тарихында алғаш рет өтіп жатқан Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады. Өңір басшысы зайыбымен бірге Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында орналасқан №389 сайлау учаскесіне келді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Бейбіт Исабаев сайлаудан кейін Құрылтайдың елдің алдағы саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуындағы маңызына тоқталды. Оның айтуынша, жаңа өкілді орган Қазақстанның өсіп-өркендеуіне қызмет етуі тиіс.
– Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретіндегі конституциялық құқығымды пайдаланып, ел тарихында бірінші рет сайланып отырған Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауымды жасадым. Сол арқылы еліміздің болашағына, экономикалық-әлеуметтік дамуына, мемлекеттің қуаттылығы мен тұрақтылығына дауыс бердім. Жаңадан сайланып отырған Құрылтай Қазақстанның өсіп-өркендеуіне лайықты қызмет етеді деп сенемін, – деді Бейбіт Исабаев.
Жетісу облысында дауыс беру құқығына ие азаматтардың жалпы саны 443 220 адамды құрайды. Оның 5 503-і сайлауға алғаш рет қатысып отыр.
Өңірде барлығы 468 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 428-і азаматтардың тіркелген жері бойынша ашылса, 40 учаске әскери бөлімдерде, уақытша ұстау изоляторларында, стационарлық емдеу-профилактикалық мекемелерде және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында орналасқан.
Облыстағы 184 учаскеде азаматтардың тіркелуін тексеруге арналған онлайн-сервис жұмыс істейді. Тағы бес учаскеде азаматтарды тіркеу сервисі қолжетімді.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың кедергісіз дауыс беруіне де арнайы жағдай жасалған. Учаскелерде тактильді көрсеткіштер, пандустар, арбамен жүретін азаматтарға арналған кең кабиналар, Брайль қарпімен жазылған трафареттер, аудиоматериалдар, құлаққаптар және ұлғайтқыш әйнектер қарастырылған.
Зағип және нашар көретін сайлаушыларға арналған арнайы бағдарламалық шешімдер де енгізілген. Қозғалысы шектеулі азаматтарды сайлау учаскелеріне жеткізу үшін 33 инватакси жұмылдырылып отыр.
Сайлаудың ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге 479 комиссия қатысады. Оның 11-і аумақтық, 468-і учаскелік сайлау комиссиясы.
Жалпы ұйымдастыру жұмысына 2 989 комиссия мүшесі тартылған. Олар дауыс беру барысын ұйымдастырып, белгіленген рәсімдердің орындалуын қамтамасыз етеді.
Жетісу облысындағы барлық сайлау учаскесі таңғы сағат 07:00-де ашылды. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







