Президент Тоқаев Құрылтай сайлауынан кейін Үкімет отставкаға кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дей тұрғанмен, Тоқаевтың сөзінен Бектенов командасының жұмысына қатысты саяси кінәрат немесе елеулі наразылық жоғын аңғаруға болады.
«Бектенов? Сіздерге ашық айтайын, Үкіметтің жұмысына алаңдауға немесе оның қызметіне көңіл толмайды деуге ешқандай негіз жоқ. Министрлер де, Үкімет басшысы да бар күшін салып жатыр. Сондықтан кішігірім өзгеріс жасаймыз. Кадрлық ауыс-түйіс қашанда қажет. Ол Үкімет жұмысына тың күш береді», – деді Тоқаев.
Президент кадр ауыстыруды біреуді қызметтен кетірудің амалына айналдыруға қарсы екенін де айтты. Пайымынша, шенеунікті жұртқа ұнау немесе ақпарат кеңістігін уақытша дүрліктіру үшін орнынан алу дұрыс емес.
Тоқаевтың мәлімдемесі алдағы кадрлық өзгерістерге қарамастан, Олжас Бектенов басқарған Үкіметтің жалпы бағыты Ақорданың көңілінен шыққанын көрсетеді. Бізге жеткен инсайд бойынша Бектенов, Жұманғарин бастаған министрлердің көпшілігі креслосын сақтап, жұмысын алаңсыз жалғастыруға мүмкіндік алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







