Астана бірнеше күнге әлемдік баян және аккордеон өнерінің ордасына айналды. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцертте» беделді халықаралық «Coupe Mondiale 79» байқауының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған музыкалық дода Қазақстанда ғана емес, тұтас Орталық Азияда алғаш рет өтіп отыр. Салтанатты кешке министрлік өкілдері, Халықаралық аккордеоншылар конфедерациясының басшылығы мен делегаттары, қазылар алқасы, өнерпаздар және музыка саласының мамандары қатысты.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов қатысушыларға Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын жеткізді.
Аида Балаева «Coupe Mondiale» додасының Қазақстанда өтуін ел мәдениетінің дамуы мен халықаралық шығармашылық байланысты нығайту жолындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі деп бағалады.
«Бұл Қазақстан үшін ғана емес, Орталық Азияның мәдени өмірі үшін де айтулы оқиға. Байқау талай жылдан бері әлемнің үздік орындаушыларын тоғыстырып, кәсіби шеберлік пен шығармашылық ізденістің беделді алаңына айналды. Қырыққа жуық елден келген талантты жастар, танымал шеберлер, сарапшылар мен ресми делегациялар оның жоғары халықаралық мәртебесін айғақтайды», – делінген құттықтау хатта.
Министрдің пікірінше, халықаралық доданың Астанада өтуі жас қазақстандық музыканттарға тәжірибе жинауға, кәсіби шеберлігін шыңдауға және әлемдік сахнаға шығуға жаңа мүмкіндік береді.
Байқауға қатысуға 147 өтінім түскен. Оның 126-сы жеке орындаушыларға, 21-і ансамбльдерге тиесілі. Жалпы саны 153 музыкант жеті аталым бойынша бақ сынайды.

Астанаға Қазақстан, Ресей, Қытай, Италия, Португалия, Черногория, Сербия, Хорватия, Швейцария, Жапония, Өзбекстан, Бразилия, Босния және Герцеговина, Қырғызстан, Солтүстік Македония мен Беларусь өнерпаздары жиналды.
Мәдени шараға Халықаралық аккордеоншылар конфедерациясының 48 делегаты арнайы келген. Олардың арасында ұйым басшылары, Музыкалық комитет мүшелері, халықаралық қазылар мен баян-аккордеон өнерінің танымал өкілдері бар.
Құрметті қонақтардың бірі – конфедерация президенті Мирко Патарини
Италиялық музыкант ұзақ жыл бойы әлемдегі баян және аккордеон өнерін дамытуға, әр елдің орындаушылары арасындағы шығармашылық байланысты тереңдетуге үлес қосып келеді.
Сондай-ақ конфедерацияның бас хатшысы Киммо Маттила, қоғаммен байланыс жөніндегі менеджер Харли Джонс, Музыкалық комитет төрағасы Александр Селиванов, оның орынбасары Грейсон Мейсфилд, Конгю Кристал Ванг және өзге де беделді мамандар елордаға келді.
«Coupe Mondiale 79» аясында Халықаралық аккордеоншылар конфедерациясы делегаттарының 156-конгресі де өтіп жатыр. Жиында ұйымның халықаралық қызметі, кәсіби музыкалық білімді дамыту және ұлттық орындаушылық мектептер арасындағы ықпалдастықты күшейту мәселелері талқылануда.
Бірнеше күнге жалғасатын додада өнерпаздар әлемнің жетекші музыка мамандары мен халықаралық қазылар алдында өнер көрсетеді. Астанадағы байқау қазақстандық орындаушыларды жаһандық музыка кеңістігіне жақындатып, елдің мәдени беделін жаңа деңгейге көтермек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







