«Халық үні» қоғамдық қозғалысының байқаушылары Құрылтай сайлауы күні Қазақстанның 11 қаласындағы мыңнан астам учаскеде дауыс беру барысын бақылаған. Қозғалыс өкілдері негізгі рәсімдер заң талаптарына сай өтіп, сайлаушылардың белсенділігі жоғары болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Байқау жұмысы Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Семей, Тараз, Қонаев және Талдықорған қалаларын қамтыды. Негізгі штаб Алматыда орналасып, өңірлердегі байқаушылар желісінің жұмысы сол жерден үйлестірілген.
«Халық үні» өкілдерінің айтуынша, мұндай ауқым елдің әр бөлігіндегі сайлау барысын салыстырып, дауыс беру процесіне жан-жақты баға беруге мүмкіндік берген.
Миссияға дайындық сайлау күнінен бұрын басталған. Аталған 11 қалада мыңнан астам азамат электоралдық бақылаудың әдістері мен заңдық талаптары бойынша арнайы оқудан өтті. Дәрісті саясаттанушы Дос Көшім, сарапшы әрі баспагер Бақытжан Бұқарбай, журналист Ермұрат Бапи және қоғам қайраткері Бекнұр Кисиков жүргізген. Дайындық жұмысына саяси кеңесші Нұргелді Әбдіғани мен саясаттанушы Нұрболат Нышанбай да қатысқан.
Оқу қорытындысында үміткерлер арасынан байқаушылар іріктеліп, сайлау учаскелерінде жұмыс істеуге ресми жолдама берілді. Олар дауыс беру басталған сәттен барлық рәсім аяқталғанға дейін учаскелерде болып, процесті үздіксіз бақылаған.
Қозғалыс өкілдері учаскелердегі негізгі рәсімдер қолданыстағы заңнамаға сәйкес өткенін айтады. Олардың алдын ала бағалауынша, Құрылтай сайлауы шынайы әрі әділ ұйымдастырылған.
Сонымен бірге мониторинг барысында жекелеген кішігірім заң бұзушылықтар да тіркелген. Байқаушылар әр жағдай бойынша тиісті актілер мен хаттамалар толтырған. Алайда қозғалыс әзірге ол деректердің нақты саны мен сипатын жариялаған жоқ.
Қазір өңірлерден түскен мәліметтер жинақталып, жүйеленіп және қосымша тексеріліп жатыр. «Халық үні» барлық материалды қорытындылағаннан кейін кеңейтілген сараптама мен сайлау жүйесін жетілдіруге арналған ұсыныстарын ұсынбақ.
Қозғалыс өкілдері азаматтық бақылаудың мақсаты тек кемшілік іздеу емес, сайлау рәсімдерін жетілдіру және жұрттың саяси институттарға деген сенімін нығайту екенін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







