Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымына жасалған шабуыл Қазақстанның мұнай өндірісіне ауыр соққы болып тиді. Энергетика министрлігі 2026 жылға арналған жоспарды төмендетіп, елдің шамамен 3,5 миллион тонна мұнайдан қағылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 25 тамызда Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның биылғы мұнай өндіру жоспары қайта қаралғанын айтты.
Бастапқыда ел былтырғы көрсеткішті сақтап, өндіріс көлемін 100 миллион тоннаға жақындатуды көздеген. 2025 жылы шамамен 99,55 миллион тонна мұнай өндірілген еді. Кейін 2026 жылға арналған ресми жоспар 98 миллион тонна болып белгіленді.
Алайда КТК инфрақұрылымына қаңтарда, одан кейін маусым және шілде айларында жасалған шабуыл мұнай жөнелту мүмкіндігін шектеп, кен орындарындағы өндіріске тікелей әсер еткен.
«Біз 98 миллион тонна мұнай өндіруді жоспарлаған едік. Қазір түзетілген жоспар 96 миллион тоннаны құрайды. КТК-ға жасалған шабуылдар салдарынан 3,5 миллион тонна мұнай жоғалтамыз. Есебіміз осындай. Бұл өндірістегі тікелей шығын», – деді Ерлан Ақкенженов.
Осылайша, ресми жоспар 2 миллион тоннаға, 98 миллионнан 96 миллион тоннаға дейін қысқарды. Ал КТК төңірегіндегі іркілістен туындаған жалпы өндірістік шығынды министрлік 3,5 миллион тонна көлемінде бағалап отыр.
Ірі кен орындарының жөндеуі кейінге қалды
Жоғалған көлемнің бір бөлігін өтеу үшін Теңізшевройл акционерлері биыл өтуге тиіс күрделі жөндеуді келесі жылға шегеруге шешім қабылдаған. Осыған ұқсас қадам Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC игеретін кен орындарында да жасалды.
Мұндай шешім ірі кен орындарының жұмысын тоқтатпай, өндіріс қарқынын мүмкіндігінше сақтап қалуға бағытталған. Дегенмен жөндеу мерзімін кейінге ысыру КТК-дағы үзілістің Қазақстан мұнай саласына қаншалықты салмақ түсіргенін аңғартады.
Каспий құбыр консорциумы Қазақстан мұнайын сыртқы нарыққа жеткізетін негізгі күретамыр саналады. Құбыр жұмысының бұзылуы экспортқа ғана емес, Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ секілді алып кен орындарындағы өндіріс көлеміне де ықпал етеді. Өйткені мұнайды сыртқа шығару мүмкіндігі азайса, кен орындары өндіру қарқынын амалсыз бәсеңдетеді.
Қарашығанақтағы жөндеу де өндіріске әсер етеді
Мұнай көлемінің кемуіне КТК инфрақұрылымындағы жағдай ғана себеп болып отырған жоқ. Ерлан Ақкенженов бұған дейін Қарашығанақ кен орнындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары салдарынан Қазақстан бірнеше жүз мың тонна мұнайды кем өндіретінін айтқан.
Сөйтіп, 2026 жылы мұнай саласына екі жақтан қысым түсіп отыр. Бір жағынан, экспорттық бағытқа жасалған шабуыл өндірісті тежесе, екінші жағынан, ірі кен орындарындағы технологиялық жөндеу қосымша көлемнен айырады.
Қазақстанның 100 миллион тоннаға жуық мұнай өндіру межесі әзірге кейін шегінді. Жаңартылған жоспар орындалған күннің өзінде жыл қорытындысындағы көрсеткіш былтырғы деңгейден шамамен 3,5 миллион тоннаға төмен болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







