Қазақстанда «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасы аясында бір миллион гектардан астам аумаққа орман өсіру жоспарланып отыр. Жобаның алғашқы кезеңінде 100 мың гектарға жасанды орман егіліп, тозған жерлер мен экожүйелер қалпына келтірілмек, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен First Carbon Group Ltd. жеке компаниясы орман-климаттық жобалар және көміртек бірліктері саласындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Құжат орман алқаптарын ұлғайтуға, бүлінген жерлерді қалпына келтіруге және атмосферадағы парниктік газдардың сіңірілуін арттыруға бағытталған бірлескен жобаларға негіз қалайды. Алғашқы кезеңде шамамен 100 мың гектарға жасанды орман отырғызу көзделген. Кейін жобаның ауқымын кеңейту мүмкіндігі қарастырылады.
Орман көміртек нарығына жол ашады
Жаңа екпелер табиғатты қалпына келтірумен қатар көміртек бірліктерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай бірліктер орман алқаптары сіңірген парниктік газ көлемін есепке алып, оны көміртек нарығының айналымына енгізуге арналған.
Жобаға халықаралық климаттық қорлар мен жеке инвестиция тарту да жоспарланып отыр. Соның есебінен орман шаруашылығын тек бюджет қаржысына тәуелді етпей, экологиялық жобаларды нарықтық тетіктер арқылы дамыту көзделеді.
Миллион гектарлық жасыл қалқан
Ауқымды жұмыс «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасы шеңберінде жүргізіледі. Қазақстан аумағында жалпы көлемі бір миллион гектардан асатын жаңа орман алқаптарын қалыптастыру жоспарланған.
Бастаманың жүзеге асуы елдегі орман қорын ұлғайтып, шөлейттену мен жердің тозуына қарсы күресті күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге жаңа технологияларды енгізіп, өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсартуға жол ашады.
Министрлік меморандумды Қазақстанда орман-климаттық жобаларды жүйелі түрде іске асыруға бағытталған қадамдардың бірі деп бағалады. Ұсынылған тәсіл бойынша орманды қалпына келтіру мен оның аумағын кеңейту табиғатты қорғау міндеті ретінде ғана емес, климаттық және инвестициялық жоба ретінде де қарастырылады.
Алайда жасанды орманның нақты қай өңірлерде егілетіні, жобаны жүзеге асыру мерзімі мен тартылатын инвестиция көлемі әзірге жарияланған жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







