Қазақстан экономикасында жұмыспен қамтылғандар саны 9,4 миллион адамға жетті. Бір жыл ішінде жылжымайтын мүлік, білім беру және денсаулық сақтау салаларында еңбек ететіндер қатары едәуір өскен, деп хабарлайды Ertenmedia.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
2026 жылдың екінші тоқсанында жүргізілген іріктемелі сауалнамаға сәйкес, елдегі 7,3 миллион адам жалдамалы қызметкер ретінде еңбек етеді. Тағы 2,1 миллион адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатады.
Әр алтыншы қазақстандық сауда саласында еңбек етеді
Еңбек нарығындағы ең үлкен үлес сауда саласына тиесілі. Елде жұмыс істейтін азаматтардың 16,8 пайызы осы бағытта нәпақа тауып жүр.
Жұмыспен қамтылғандардың салалар бойынша үлесі:
- сауда – 16,8 пайыз;
- білім беру – 13,3 пайыз;
- өнеркәсіп – 12,4 пайыз;
- ауыл шаруашылығы – 10,5 пайыз;
- көлік және қоймалау – 7,1 пайыз;
- құрылыс – 6,8 пайыз;
- денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету – 6,6 пайыз.
Осылайша, сауда, білім беру, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы елдегі жұмыспен қамтудың жартысынан астамын қамтамасыз етіп отыр.
Жылжымайтын мүлік саласында өсім жоғары
2025 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда жұмыспен қамту бірқатар салада өскен. Ең үлкен өсім жылжымайтын мүлік операцияларында тіркелді. Мұнда қызметкерлер саны бір жылда 37 мың адамға көбейді.
Білім беру саласына 31,1 мың адам қосылса, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету бағытындағы өсім 21,2 мың адамды құрады.
Өнер, ойын-сауық және демалыс саласында еңбек ететіндер саны 15,1 мың адамға артқан. Кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте 7,7 мың, қаржы және сақтандыру саласында 7,4 мың жаңа жұмыспен қамтылған адам тіркелді.
Статистика еңбек нарығындағы өсімнің дәстүрлі сауда мен өндірістен бөлек, білім, медицина, жылжымайтын мүлік және кәсіби қызмет секілді бағыттарға да ойыса бастағанын көрсетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







