Маңғыстау облысында Каспий теңізінің тайыздануынан туындаған қауіпке қарсы су жинау арналары жаңартылып, жаңа тұщыту станциясы салынып жатыр. Жобалар «МАЭК» кәсіпорнының тұрақты жұмысын сақтап, Ақтауды ауызсумен үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай «МАЭК» аумағындағы құрылыс барысымен танысты. Негізгі жұмыстар су жинау инфрақұрылымын жаңғырту және кері осмос технологиясына негізделген тұщыту станциясын салуды қамтиды. Жобалардың маңызы Каспий деңгейінің төмендеуіне байланысты артып отыр.
№1 су жинау каналына іргелес жаңа арна салынады. Қолданыстағы каналдың тереңдігі 1,5 метрден 4 метрге дейін ұлғайтылып, ұзындығы 650 метрге жеткізіледі. Құрылыс жұмысын 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
№2 канал маңындағы жоба екі кезеңмен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде ұзындығы 900 метр учаскенің түбі тереңдетіліп, кейін арна теңізге қарай тағы 1410 метрге созылады. Қазір құрылыс жұмысының 65 пайызы орындалған.
«МАЭК» аумағында салынып жатқан станция кері осмос технологиясы арқылы тәулігіне 24 мың текше метр пермеат өндіреді. Қажетті жабдықтың бір бөлігі жеткізіліп, монтаждау жұмысы басталған. Нысанның құрылыс-монтаж жұмысы 30 пайызға жетті.
Жаңа станция тұщы су өндіру көлемін арттырып, қолданыстағы дистилляциялық қондырғыларға түсетін салмақты азайтады. Соның арқасында ескі жабдықтарды кезең-кезеңімен жөндеуге мүмкіндік туады. Қосымша қуат Ақтаудың сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін күшейтпек.
Каспийдің шегінуі су жинау құрылғыларының теңізден қажетті көлемде су алуын қиындатып отыр. Арналарды тереңдету және теңізге қарай ұзарту осы тәуекелді азайтуға тиіс. «МАЭК»-тің тұрақты жұмысына Ақтаудың су және энергетикалық жүйесінің қалыпты қызметі тікелей байланысты.
Нұрдәулет Қилыбай жобаларды белгіленген мерзімде аяқтап, құрылыс сапасы мен қаржының тиімді жұмсалуын бақылауды тапсырды. Оның айтуынша, халықты сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету басты басымдық болып қала береді. Жауапты органдар мен мердігерлер туындаған мәселелерді жедел шешуге тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







