Қазақстанда өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғырту үшін жаңа қондырғылар мен станоктар сатып алуға мемлекет қазынасынан қомақты субсидия бөлінеді. Алайда отандық өндірісті роботтандыру мен автоматтандыру тек арзан несиеге ғана емес, сол күрделі техниканы жұмыс істеп тұрған зауытқа бейімдеп, іске қоса алатын инженерлік интеграторлардың болуына тікелей тәуелді. Осы ретте сарапшы өндірісті жаңғыртудың кедергісін атады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлемнен он есе артта қалған автоматтандыру
Қазақстанда өнеркәсіпті жаңғырту мәселесі аса өзекті. Салалық бағалауларға сәйкес, елімізде өндірістегі әрбір 10 мың жұмысшыға небәрі 10 өнеркәсіптік роботтан келеді. Мамандар кадр тапшылығын өтеп, өндіріс көлемін ұлғайту үшін бұл межені кем дегенде 70-ке дейін жеткізу қажеттігін айтады.
Халықаралық робототехника федерациясының (World Robotics) деректері Қазақстанның әлемдік көшбасшылардан тым алшақ жатқанын көрсетеді. Мәселен, Оңтүстік Кореяда 10 мың жұмысшыға – 1 220, Сингапурде – 818, Қытайда – 567, ал Германияда 449 өндірістік роботтан келеді. Тіпті әлемдік орташа көрсеткіштің өзі 177 роботты құрайды.
Мемлекет бұл олқылықты толтыру үшін кәсіпкерлерге несие мен лизинг пайызын субсидиялау тетігін ұсынып отыр. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне қосымша 5 пайыздық тармақ қосылып, оның тек 6 пайызын ғана кәсіпкер төлейді, қалған айырмашылық бюджет есебінен жабылады. Шағын қалалар мен ауылдық аймақтардағы жобаларға 1,5 миллиард теңгеге дейін қаржылық лизинг беріледі. Логика қарапайым: қондырғы қымбат болса, оны сатып алу құнын арзандату қажет. Алайда халықаралық зерттеулер мәселенің қаржыда ғана емес екенін дәлелдеп отыр.
Венгрия тәжірибесі: 20 зауыттың 19-ы делдалға жүгінеді
EconomyKZ сарапшысы Шыңғыс Ерболат Экономикалық саясатты зерттеу орталығының (CEPR) ғалымдары жүргізген тың зерттеуіне сүйене отырып, Қазақстандағы жаңғырту саясатының кемшін тұстарын талдады. Ғалымдар Венгрияның 2015–2021 жылдардағы салық, кеден және қаржылық есептерін сараптай келе, таңғаларлық қорытындыға келген.
Венгрия да Қазақстан секілді импорттық технологияларға тәуелді әрі өз ішінде робот құрастырмайды. Зерттеу нәтижесінде зауыттардың басым бөлігі техниканы өндірушіден тікелей сатып алмайтыны анықталды. Өндіріске робот енгізген әрбір 20 кәсіпорынның тек біреуі ғана жабдықты шетелден өзі әкелген. Ал қалған 19-ы жергілікті инженерлік интеграторлардың көмегіне жүгінген.
Интеграторлар – техниканы жай ғана делдал ретінде сатушылар емес. Олар қондырғыны нақты зауыттың желісіне лайықтап таңдайды, жобасын сызады, бағдарламасын жазып, өзге станоктармен байланыстырады және жергілікті жұмысшыларды оқытып, техникалық қызмет көрсетеді. Кез келген шағын зауыт өз ішінде күрделі инженерлік штабты ұстап тұра алмайды, өйткені бұл өте қымбатқа түседі.
Интегратор болмаса, мемлекет миллиондаған қаржыға субсидиялаған қымбат робот қоймада бос темір болып қала береді.
Статистикаға көрінбейтін кедергілер
Шыңғыс Ерболаттың пайымдауынша, Қазақстандағы басты қиындық – ресми статистиканың осы инженерлік экожүйені мүлдем байқамауында. Ұлттық статистика бюросы жүргізген зерттеулерде кәсіпорындардың инновациядан бас тарту себептері ретінде тек қаржы тапшылығы мен қымбатшылық көрсетілген. Сауалнамада «жабдықты орнатып, іске қосатын білікті мердігер таппадық» деген жауап нұсқасы тіпті қарастырылмаған.
Сонымен қатар аймақтық алшақтық та тежеуіш болып тұр. Күрделі автоматтандыру қызметін көрсететін мамандар мен компаниялар негізінен ірі қалаларда шоғырланған. Шалғай өңірдегі зауыт субсидия алып, станок сатып алғанымен, жанында оны реттеп, күтіп-баптайтын білікті инженер болмаса, өндірістік жүйе бәрібір толық қуатында жұмыс істемейді.
Бұған қоса, роботтардың көбі бір ғана мемлекеттен (Германия, Жапония секілді елдерден) тасымалданатындықтан, халықаралық логистика мен бөлшектердің қолжетімділігі де маңызды рөл атқарады.
Мемлекеттік саясат қалай өзгеруі тиіс?
Экономистің пікірінше, Қазақстанда мемлекет қаржыландырған станоктардың қаншасы шынымен іске қосылғанын тексеру үшін электронды шот-фактуралар мен субсидия деректерін біріктіріп сараптау қажет. Сонда ғана бюджет ақшасы өнімділікті арттырды ма, әлде кәсіпорындарға пайдасыз жүк болды ма деген сұраққа нақты жауап табылады.
Мемлекет тек зауыттарға арзан несие берумен шектелмей, сол станоктарды өндіріске кіріктіре алатын инженерлік орталықтарды қолдауға, автоматика мамандарын даярлауға және іске қосу жұмыстарын субсидиялауға басымдық беруі керек.
– Қазақстанға тек жабдық сатып алуды ғана емес, кәсіпорындардың оны тиімді пайдалана алу қабілетін де субсидиялау қажет. Әйтпесе жаңғырту үдерісі өнімділіктің өсуімен емес, берілген несиелердің құнымен және жасалған шарттардың санымен ғана өлшеніп қала береді, – деп қорытындылады Шыңғыс Ерболат.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






